Понедельник, 30.01.2023

Экология министрі киіктер туралы: Келесі жылы ақылы аңшылық басталуы мүмкін

Қазақстанда киік санын реттеу мәселесі қазан айында шешіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Біз қазір көпшіліктен келіп түскен ұсыныстарды қарастырып жатырмыз. Мәселен, адамдар киіктерді атпай, басқа өңірлерге мәжбүрлеп көшіруді ұсынған еді. Өкінішке орай, ғылыми қауымдастық бұл әдісті тиімсіз деп атады, өйткені мәжбүрлеп айдағанда киіктердің өлу қаупі жоғары және олар тарихи мекеніне қайтып келуі мүмкін. Сондықтан бұл ұсыныс қабылданбады», — деді С. Брекешев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ қасқырлардың санын көбейту ұсыныстары келіп түскен, министр мұның да киіктер санын бір мезетте реттей қоймайтынын айтты.

«Негізінен қасқырды «орман санитары» деп атайды, ол әлсіз, ауру жануарларды тартып жеп, популяция құрамын жақсартып, киік санын керісінше көбейтіп жібереді. Қазір ауыл шаруашылығы министрлігімен, Қазақстанның агросақтандыру қауымдастығымен бірлесіп, жайылымдар мен егістіктерді агросақтандыру, киік таптауынан ауыл шаруашылығына келтірілген залалды бағалау әдістемесін әзірлеуді қарастырып жатырмыз. Негізінде сақтандырушыларда бұл мәселе бойынша белгілі бір түсінік бар, сондықтан осы бағыттағы жұмыс жалғасуда», — деді С. Брекешев.

Сонымен бірге спикер батысқазақстандық шаруалардың мәселелері мен шағымдары өздігінен шешілгенін айтты, өйткені киік – көшіп-қонатын жануар, бүгінгі күні олар осы ауданнан өз жолдары бойынша көшіп кетті. Сондықтан қазір егістікті таптау сияқты проблема жоқ.

«Дегенмен, біз қазір Ғылым министрлігімен бірлесіп, белгілі бір жұмыс жүргізіп жатырмыз. Күзде анализ жүргізу үшін 500 киік ауланады, олар ату жолымен алынбайды. Киіктер тірі күйінде ұсталады, талдамалар алынып, барлық киік табиғатқа шығарылады. Сондай-ақ біз келесі жылға спорттық-әуесқойлық аң аулау ұйымдастыруды қарастырамыз. Бұл ақылы аңшылық болады. Негізінде, бұған дейін біз ақбөкеннің Қызыл кітапқа енбегенін айтқан болатынбыз. Киік аулауға тыйым 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін салынған. Бұл мәселелер қазір қаралып жатыр, жақын арада, қазан айының соңына дейін нақты бір шешімге келеміз», — деді Серікқали Брекешев.

Еске салсақ, бұған дейін министр Серікқали Брекешев киік саны ретсіз көбейсе, пастереллёз сынды аурулардың қаупі артатынын айтты. Қазақстан фермерлері киік таптаған алқаптардан 200 мың тонна астық жоғалтуы мүмкін.

Автор: Корреспондент

Читайте также

Қазақстанда үш жылда 1 300 шақырым жол салынбақшы

Президент «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *