Хабар

Екі түрлі саяси жүйе: Украина мен Ресей келісімге келе ме?

Украина аумағындағы гуманитарлық ахуалдың күрделі екені айтылып жатыр. БҰҰ елден 2,5 млн адам босып кетті деп хабарлады. Қарулы қақтығыс жүріп жатқан аймақтардың барлығынан халықты бірден көшіру мүмкін болмай тұр. Ал Украина мен Ресей арасындағы кезекті екіжақты келіссөз бұл жолы онлайн форматта өтті.

Украина өкілі Михаил Подоляк байланыс орнату қиын болса да Украина мен Ресей арасындағы келіс­сөздердің төртінші раунды жүріп жат­қанын жазды. Ол Twitter-де тараптар өздерінің нақты ұста­ным­­дарын белсенді түрде білдіріп жат­қанын мәлімдеді. М.Подо­ляк келіс­пеу­шіліктердің көбі екі елдің әртүрлі саяси жүйе­сіне байланысты дейді.

Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келіс­сөз­дер бейнеконференция режімінде өтетінін айтқан. Украина өкілі, президент Володимир Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляк Кремль­дің мәлімдемесін растады. Әлеу­меттік желіде жарияланған видео­да М.Подоляк Ресей келіссөзге өзара ықпалдаса бастағанын айтты. Жексенбіде В.Зеленский Украина делегациясы күн сайын ресейлік әріптестерімен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

АҚШ-тың Киевтегі елшілігі тағы бір рет ел азаматтарын Украинадан тез арада кетуге шақырды, өйткені жал­ғасып жатқан қақтығыс бейбіт тұр­ғындарға қауіп төндіретіні айтылды.

Ұлыбритания Украинаға 500-ден астам генератор жеткізетін болды. Олар ұрыс кезінде электр қуаты өшіп қалған жағдайда бей­біт тұр­ғындар паналап жатқан орын­дар мен ауруханалар секілді ма­ңызды нысандардың жарықсыз қал­мауын қамтамасыз етеді. Бұл туралы Борис Джонсон Украина пре­зиденті Володимир Зеленскийдің өтінішінен кейін мәлімдеген.

Ұлыбритания мен АҚШ санкцияларына Аустралия үкіметі де қо­сылды. Ресейдің 33 олигархы­на, белгілі кәсіпкерлері мен олар­дың жақындарына санкция салды. Олардың қатарында «Челси» футбол клубының иесі Роман Абра­мович, сондай-ақ Алексей Миллер, Дмитрий Лебедев, Сергей Чемезов, Николай Токарев, Игорь Шувалов, Кирилл Дмитриев секілді елдің байлығын қолына жиған, Ресей үшін стратегиялық және экономикалық маңызы бар делінген адамдар бар.

Шетелдік БАҚ-та Ресейдің Қытайдан көмек сұрағаны жайлы ақпарат тарады, алайда Қытай тарапы да, Кремль де оны жоққа шығарды. В.Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей әскери көмек алу туралы Қытайға жүгінбегенін мәлімдеді. АҚШ жағы егер Қытай Ресейге көмектессе, сал­дары ауыр болатынын ескертті.

Украинадағы қақтығыс жал­ғасып жатқандықтан, қазіргі уа­қытта Польшаның өзіне 1,75 млн босқын келген. БҰҰ-ның есебі бойынша Украинадан 2,5 млн адам босып кеткен. Олар шекарадан көлікпен, пойызбен немесе жаяу өтіп, шекара бойындағы қала­лар мен ауылдардағы қабылдау орта­лықтарына баруда. Қабылдау орталығы деп ресми аталғанымен, бұл – волонтерлер жасақтаған спортзалдар мен қоғамдық орындар. Ха­лық­аралық ұйымдар Еуро­падағы бос­қындар мәселесі ірі гума­нитар­лық дағдарыс тудыратынын ескерткен еді.

Украинаның вице-премьер-министрі Ирина Верещук осыған дейін бейбіт тұрғындарды эвакуа­циялау мәселесіне тоқталып, қор­шауда қалған Мариупольға жету мәсе­лесі сәтсіз болғанын хабар­лаған. Қала әкімінің орынбаса­ры келіссөз жүріп жатқан уақытта Мариупольдан халықты шығару үшін жол ашылғанын сүйіншіледі. Елдегі қақтығыс аймақтарынан бар­­лығы 140 мыңнан астам азамат эва­куа­цияланған, Киев облысы­ның қа­лаларынан бірнеше мың адам, ал Луганск облысының шы­ғыс бө­лігінен 5 мыңға жуық тұрғын шы­ғарылған. И.Верещук гума­ни­тарлық көмек тиелген көліктер атыс салдарынан портты Мариуполь қаласына жете алмағанын айтты.

В.Зеленский халыққа арнаған үндеуінде НАТО басшыларынан Украина әуе кеңістігін қорғауды тағы бір рет сұрады. Алайда АҚШ осыған дейін де бұл әрекет НАТО-ның Ресеймен соғысқа араласуын білдіреді деп бас тартқан. Украина қанша сұрағанымен, Батыс елдері бұл қадамға бармайтынын ашық көрсеткендей. Өйткені Батыс елдері НАТО-ның Ресеймен қақтығысын болдырмауға тырысады.

Ал Ресейге салынған санкция­лар күннен күнге артып келеді. Халықаралық ірі корпорациялар, компаниялар дүкендері мен қо­ғамдық тамақтану орындарын жауып жатыр. Олардың Ресей нары­ғы­нан қанша уақытқа кететіні белгісіз. Кей­бірі өз еркімен Ресей аумағын­да кәсібін жалғастырудан бас тартса, енді біреуі халықаралық қоғам­дастықтың қысымынан кейін осын­дай әрекетке барған. Ресейде бірқатар әлеуметтік желі де жұмыс істемейді. Instagram желісі бұғат­талды. Ресей үкіметі Meta, бұрын­ғы Facebook компаниясының Ресей­ге қар­сы мәтіндерге рұқсат бере­тіні туралы мәлімдемесіне жауап ретінде елде­гі ең танымал әлеу­меттік желі­нің жұмысын шектей­тінін жариялаған.

P.S. Бірнеше сағатқа созылған Ресей мен Украина шенеуніктері арасындағы келіссөзге «техникалық үзіліс» жарияланып, келесі күнге қалды.

egemen.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button