
ЭЦҚ беру процесі толықтай онлайн режимде жүзеге асырылады
Қазақстанда 11 тамыздан бастап электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу тәртібі оңайлатылады. Енді бұл қызмет толықтай онлайн режимде қолжетімді болады. Азаматтар ЭЦҚ-ны үйден шықпай-ақ немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында рәсімдей алады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сәйкес, бұл өзгеріс азаматтардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін арттыру және цифрлық деректердің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілуде. Жаңа жүйе арқылы бөтен адамның ЭЦҚ-сын заңсыз иемдену мүмкіндігі жойылады.
ЭЦҚ алу үдерісі мынадай бірнеше кезеңнен тұрады:
-
egov.kz немесе pki.gov.kz порталдарының біріне кіру;
-
өтінім формасын толтыру;
-
бейнекамера арқылы бет-әлпетті биометриялық сәйкестендіруден өту.
Жеке тұлға расталғаннан кейін, ЭЦҚ онлайн түрде беріледі. Бұл ретте ХҚКО қызметкерлерінің көмегі қажет емес.
Егер жүйе азаматтың тұлғасын сәйкестендіре алмаса — мысалы, базада фотосурет болмаса немесе техникалық ақау туындаса — қайта әрекет етуге мүмкіндік беріледі. Биометриялық тексеруден бес мәрте өтуге рұқсат етілген. Егер барлық әрекет сәтсіз аяқталса, азамат ХҚКО-ға барып, құжаттарымен бірге оператор арқылы рәсімдеуге өтініш бере алады.
Алайда, биометриялық сәйкестендіруден өтпеген жағдайда ХҚКО операторы арқылы ЭЦҚ алуға өтінім беруге болмайтыны ескертіледі.
Интернетке немесе компьютерге қолы жетпейтін азаматтар үшін ХҚКО-ларда орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында сәйкестендіруден өту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жағдайда да, егер биометрия сәтті жүзеге асса, ЭЦҚ онлайн рәсімделеді.
Министрліктің мәліметі бойынша, 2025 жылдың басынан бері елімізде 15 миллионға жуық ЭЦҚ берілген. Оның ішінде 92,25 пайызы — қашықтан, ал қалған 7,75 пайызы — ХҚКО арқылы рәсімделген.
Айта кету керек, 2025 жылдан бастап Қазақстанда басқа адамның ЭЦҚ-сын пайдаланғаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Бұл норма ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 640-бабында көрсетілген.



