Новости

Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі берілді

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі берілді. Бұл шешім оқу орнының академиялық және ғылыми еркіндігін кеңейтуге, үздік ғылыми кадрлар мен қосымша ресурстар тартуға, сондай-ақ халықаралық білім беру кеңістігінде беделін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа мәртебе аясында университет заманауи ғылыми зерттеулер жүргізіп, инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асырып, еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашады.

Ендігі атауы — академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті. Осылайша, бұл оқу орны еліміздегі ұлттық мәртебеге ие 18-ші жоғары оқу орнына айналды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл оқиғаны өңір тарихындағы ерекше маңызды сәт деп атап өтті.

— Біздің университет – енді Қазақстандағы ұлттық мәртебесі бар он сегізінші жоғары оқу орны. Бұл – тек жетістіктерімізге берілген жоғары баға ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды кезең. Университет ұжымын және студенттерді осы қуанышты жаңалықпен құттықтаймын, — деді аймақ басшысы.

Ұлттық мәртебенің берілуі – оқу орнының білім мен ғылымды дамыту жолындағы маңызды үлесінің тағы бір дәлелі.

Университеттің іргетасы 1938 жылы қаланған. Алғашында педагогикалық институт ретінде ашылған бұл оқу орны 1972 жылы университет мәртебесін иеленді. Ол уақытта Қазақстанда тек екі университет – ҚазМУ мен ҚарМУ ғана болған, ал қалғандары институттар еді.

Айта кету керек, өткен жылы университетке зерттеу университеті мәртебесі берілген болатын.

Статьи по теме

Back to top button