
Еңбек министрлігі тұрақты тіркеуден өтпеген азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін тоқтату бастамасын көтерді
Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді тоқтату ұсынылды.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін реттейтін Әлеуметтік кодекске енгізілетін өзгерістерге сәйкес, тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер берілмейді деген бастама қаралуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бұл қадам мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына ықпал етеді. Әлеуметтік кодекс бойынша, мұндай төлемдер тек Қазақстан азаматтарына, қандастарға және елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына ғана берілуі тиіс. Алайда министрлік жүргізген талдау барысында зейнетақы мен жәрдемақы алып жүргендердің ішінде 108 мыңнан астам адамның тұрақты тіркеуі жоқ екені, ал 28 мыңнан астамының тек уақытша тіркеумен жүргені анықталған.
Жобада Әлеуметтік кодекстің бірнеше баптарына (83, 92, 95, 129, 178, 179, 185, 189, 195-5, 202, 204, 216, 237, 238) түзетулер енгізу қарастырылып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік дерекқорда тұрақты тұрғылықты мекенжайы туралы мәліметі жоқ азаматтарға төлемдерді уақытша тоқтата тұру көзделген. Сонымен қатар бюджет қаражатын үнемдеуге бағытталған басқа да шаралар ұсынылады.
Қазіргі уақытта бұл бастама Конституциялық соттың қарауында.
Бұған қоса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет қамқорлығындағы азаматтардың кейбіріне зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері толық немесе ішінара арнайы шоттарға аударылады. Министрліктің дерегінше, жыл сайын жергілікті бюджеттен әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерін ұстауға 92 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Осы орайда, мемлекет қамқорлығындағы азаматтар мен өз күнін өзі көріп отырған зейнеткерлер арасында әлеуметтік әділетсіздік байқалады. Соңғылары коммуналдық төлемдер, азық-түлік, жол жүру сияқты күнделікті қажеттіліктерге зейнетақыларын толық жұмсайды. Ал қамқорлықтағы азаматтардың шығынын мемлекет өтейді.
Сонымен қатар әлеуметтік мекемелерде зейнетақы мен жәрдемақыны заңсыз пайдалану жағдайлары тіркелген. Осыған байланысты министрлік қамқорлықтағы азаматтардың зейнетақысы мен жәрдемақысының 70%-ын мекемелердің бақылауындағы шоттарға аударып, тек 30%-ын ғана олардың жеке қажеттіліктеріне беруді ұсынып отыр.
Министрлік бұл бастама шетелге көшіп, басқа елде тұрақты тұруға рұқсат алған зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылар арасында наразылық тудыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан төлемдерді «жағдай нақты анықталғанға дейін уақытша тоқтату» ұсынылуда.
2025 жылы республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 4,25 триллион теңге бөлінді. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын зейнетақы мен жәрдемақы алушылар саны 21,2 мың адамды, ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар – 1,6 мың адамды құрады.


