
Доскей ауылында спорт кешені, Байқадамда воркаут алаңы салынып жатыр

Доскей ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені екі қабатты болады. Ғимаратта әмбебап зал, сондай-ақ күрес пен боксқа арналған зал қарастырылады. Спортшылар үшін душ кабиналары бар киім ауыстыратын бөлмелер, гардероб және санитарлық тораптар жабдықталады.
Бұдан бөлек, кешенде жаттықтырушыларға арналған бөлме, спорттық құрал-жабдықтарды сақтайтын орын және медициналық кабинет болады.
Жаңа нысан ауыл тұрғындары мен спортшылардың тұрақты жаттығуына және спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді.
Жобаны құрылыс компанияларының бірінің басшысы Айдос Ыдырысовтың бастамасымен жүзеге асыру жоспарланып отыр. 2023 жылы аталған компания Қарақұдық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып, ел игілігіне пайдалануға берген.

Спортпен шұғылдануға арналған тағы бір нысан Байқадам ауылында пайда болды. Мұнда алғашқы воркаут алаңы орнатылды. Жаттығу құрылғыларының бір бөлігі ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделген.

Құрылғыларды орнатпас бұрын аумақ тегістеліп, арнайы дайындалған. Алаңның негізі төселіп, нығыздалғаннан кейін жасанды көгал жабындысы төселіп, жиектас орнатылған. Барлық құрылым техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес берік бекітілген.

Аумақты абаттандыру жұмыстары ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілді.




