Хабар

Биыл Қарағанды облысында газ желілерінің құрылысына шамамен 7 млрд теңге қарастырылған

Биыл Қарағанды және Теміртау қалаларына дейін газ желілерін салу бойынша үш жобаны іске асыруға 6,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы бүгін энергетика министрі Болат Ақшолақов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында мәлімдеді.

«Қарағанды облысы үшін 2022 жылға арналған автоматтандырылған станциядан Қарағанды және Теміртау қалаларына дейін газ желілерін салу бойынша жалғастырылып жатқан 3 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 6,6 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде 2 жобаны жалғастыру үшін 13,9 млрд теңге мөлшеріндегі сома қолдау тапты», – деп атап өтті Болат Ақшолақов.

Энергетика министрлігінің басшысы атап өткендей, Қарағанды облысын газдандыру жобасы 76 млрд теңге сомасына 24 іске қосу кешенін қолданысқа енгізуді көздейді. Оның ішінде құны 65,2 млрд теңге болатын 16 іске қосу кешені Қарағанды қаласының 30 мыңға жуық үйін газдандыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні бір іске қосу кешені пайдалануға берілді, нәтижесінде 235 абонент техникалық шарттар алып, 135-і табиғи газға қол жеткізді. Қалған 8 іске қосу кешені Теміртаудағы 9 128 үйді газдандыруға мүмкіндік береді. Металлургтер қаласында бір іске қосу кешені жұмысын бастады, соның арқасында 180 абонент техникалық шарттар алып, ал 119-ы көгілдір отынға қол жеткізе алады. Бірінші іске қосу кешені бойынша желілер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сенімгерлік басқаруына берілді.

Сондай-ақ, энергетика министрлігі өндіруші зауыттардың шығындарын ішінара өтеу мақсатында шекті көтерме бағаны тоннасына 33 600 теңге (19,7 теңге/литр) деңгейінде бекіту бойынша шаралар қабылдады. Ал, Қарағанды облысы үшін сұйытылған газдың бөлшек сауда бағасы жыл соңына дейін 1 литріне 70 теңге көлемінде сақталады.

Өңірде 8 газ толтыру станциясы және 180-ге жуық автомобильге газ құю станциясы бар. Өткен жылы қарағандылықтар 82 мың тонна сұйытылған мұнай газын тұтынған. Ал, ағымдағы жылдың сегіз айында шамамен 53,2 мың тонна тұтынылды.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button