Хабар

Биыл қазақстандық 33 мың азамат әскерге барады. Болашақ сарбаздар нені білуі тиіс?

Коронавирус белгісі анықталған азаматтар медицина комиссиясынан өтпейді.

Ақпанның сегізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді запасқа шығару және азаматтарды 2021 жылдың наурыз-шілдесінде және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған орай, Қорғаныс министрлігі қандай дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр? Әскерге шақырылғандар нені білуі керек?

Биыл қанша азамат әскерге шақырылады?

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы мерзімді әскери қызметке 34 мыңға жуық адам шақырылған. Оларды іріктеу кезінде медициналық комиссиядан 194 мыңға жуық адам өткен. Мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың көбі – 19 жастағы азаматтар. Ал биыл Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке 33 мыңға жуық адам шақырылады.

Қорғаныс министрлігі тарапынан әскери науқанға қандай дайындық жүргізіліп жатыр?

Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінде 2021 жылы Қарулы күштерді жас буынмен жасақтау және ҚР азаматтарын мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарлары бекітіліп, бағынысты құрылымдық бөлімшелер мен мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды. Сонымен қатар, 2021 жылы әскерлерді жас буынмен жасақтауды, сондай-ақ мерзімді қызметтің белгіленген уақытын өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығаруды сапалы жүргізу мақсатында Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштері бас штабының құрылымдық бөлімшелеріне, Қарулы күштер түрлеріне, әскер тектеріне, өңірлік қолбасшылықтарға, өңірлердегі қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге ұйымдастыру-әдістемелік нұсқаулары жолданды.

Әскерге шақырылғандар қандай медициналық тексеруден өтеді?

Азаматтардың əскери қызметке жарамдылық дəрежесін айқындау үшін облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, қалалар мен аудандарда жергілікті атқарушы органдардың шешімімен тұрақты негізде медициналық комиссиялар құрылады. Олар əскерге шақырылушы азаматтарды медициналық куəландырудан өткiзеді. Болашақ сарбаздардың денсаулығы мінсіз болуы шарт. Сондықтан кешенді тексеріс тағайындалады. Жас жігіттердің бой, салмағынан бастап, қалқанша безі, іш құрылысы, жүрегі де мұқият тексеріледі. Мәселен, десанттық шабуылшы болғысы келетіндердің ең алдымен физикалық дайындығы ескеріледі. Спортшыларға, бойы ұзындарға басымдық беріледі.

Пандемияға байланысты әскерге шақыру қалай өзгерді?

Елімізде індеттің тарауына байланысты, сарбаздарды іріктейтін медицина комиссиясының құрамына инфекционист дәрігер қосылды. Маман әскерге шақырылған азаматтарда коронавирустың қандай да бір белгілері бар-жоғын және ауырған адаммен байланыста болғанын, не болмағанын анықтайды. Дәрігер вирустың белгісін байқаған жағдайда медицина комиссиясынан өткізбейді. Бәрінің дене қызуы өлшеніп, қашықтық пен бетперде тағу режимі сақталады. Жас сарбаздар әскерге аттанар алдында коронавирусты анықтайтын тест жасатады.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, сарбаздарды шығарып салуға байланысты салтанатты іс-шаралар да уақытша тоқтатылды. Ата-аналардың баласымен кездесуіне қысқа уақыт беріледі.

Әскерге барудан қашатындарға қандай жаза көзделген?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскерге шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруден жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мәселен:

Әскери есепте тұрған азамат, жергiлiктi әскери басқару органының шақыртуына көрсетілген мерзiмде себепсіз келмесе, сондай-ақ қызметтік іссапарларға, оқуға, демалысқа немесе емделуге (үш айдан астам мерзiмге) келіп, келген жері бойынша “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына 7 жұмыс күні ішінде әскери есепке қою туралы өтінішпен жүгінуге міндетті азаматтың белгіленген мерзімде дәлелді себептерсіз келмеуі – 5 (АЕК) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
Азаматтарды әскери есепке қою жөнiндегi комиссияның немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық куәландырудан не тексерілуден жалтарғандарға – ескерту жасалады немесе 3 (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады;
Әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару – 1 мың (АЕК) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 1 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады;
Өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы, аурумын деп жалған сылтаурату жолымен, жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы әскерден жалтарғандарға – 3 мың (АЕК) дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту: егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Сонымен бірге, әскерге шақыру жасындағы азаматтардың әскери міндеттемені орындау бойынша жауапкершілігін арттыру мақсатында Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыруда және қамтамасыз етуде проблемалық мәселелерді шешу бойынша жол картасын іске асыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі Әділет, Ішкі істер министрліктерімен және Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесе отырып, заңды негіздер болмаған кезде мерзімді әскери қызметтен бас тартқаны үшін азаматтардың әкімшілік жауапкершілігін енгізу туралы мәселені пысықтауда.

Отан алдындағы борышын өтеуден кімдер босатылады?

“Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 1-тармағына сәйкес бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан:

денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
27 жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
“ҚР арнаулы мемлекеттік органдары туралы” Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.

Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтардан басқа әскери қызметке шақырудан босатылуға құқығы бар азаматтар, мүдделі адамдардан нотариат куәландырған тиісті құжаттарды және өтінішін ұсынған кезде олардың қалауы бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкiн.

Сонымен бірге, соттылығы бар азаматтар бейбiт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.

Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтарға қатысты әскерге шақырудан босату үшін негiздерiнің күші жойылған жағдайда, олар осы Заңда белгiленген тәртіппен әскерге шақырылуға жатады.

Мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтардың жыл сайын қанша пайызы келісім-шарт негізінде жұмыс істеуге қалады?

Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, жыл сайын мерзімді қызметтің әскери қызметшілері арасында жүргізіліп отырған үгіт-насихаттық жұмыстың арқасында, олардың шамамен 2% келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданады екен. Айта кетерлік жәйт, “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” ҚР Заңының 37-бабының 6-тармағына сәйкес, техникалық жəне кəсіптік, жоғары білімі бар жəне 6 ай қызмет өткерген мерзiмдi əскери қызметтегі əскери қызметшілер Əскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалатын тəртіппен келiсiмшарт бойынша əскери қызметке кiруге құқылы.

Әскери билетті бір ай ішінде алу немесе баламалы әскери қызметтен қалай өтуге болады?

Елімізде баламалы әскери қызмет өткеру көзделмеген. Бірақ “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” ҚР Заңының 12-бабына сәйкес Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында өтеулі негізде әскери-техникалық немесе өзге де мамандықтар бойынша даярлықтан өтіп әскери билет алуға болады. Бұл 2013 жылдың наурызынан бері енгізілген. Даярлау “ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі” республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалдарында өткізіледі. Оқу мерзімі 40 күнді құрайды. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету болып табылады және “Азаматтарға арналған үкімет” Мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы ұсынылады.

Ақылы әскери қызметтен кім өте алады? Оның ақысы қанша?

Өтеулі негізде əскери-техникалық жəне өзге де мамандықтар бойынша даярлауға денсаулық жағдайы бойынша əскери қызметке жарамды əскери міндеттілер, денсаулық жағдайы бойынша əскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды, соның ішінде əскери қызметке шақыру кейінге қалдырылған 24 жастан 27 жасқа дейінгі əскерге шақырылушылар тартылады. Оқыту ақысы – 263 318 теңгені құрайды.

Ақылы әскери билетті алуға ұмтылу азаматтардың қорғаныс саласындағы сапасын төмендетпей ме?

Қазіргі таңда ӘТМ филиалдарында әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша өтеулі негізде “атқыш”, “пулеметші”, “мерген”, “гранатометші”, “атқыш-гранатометшінің көмекшісі”, “атқыш-санитар”, “гранатомет есептобының нөмірі”, “миномет есептобының нөмірі” және “қару есептобының нөмірі” мамандықтары бойынша даярлау ұйымдастырылған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл мамандықтардың барлығы жауынгерлік қабілеттілікті айқындайтын мамандықтар болғандықтан, азаматтардың қорғаныс саласындағы сапасына кері әсерін тигізбейді. Оқыту аяқталғаннан кейін азаматтар еліміздің жұмылдыру резервін толықтыру үшін әскери міндеттілердің әскери есебіне алынады.

Армияның имиджін көтеру үшін қандай идеологиялық істер атқарылып жатыр?

Министрліктің мәліметінше, әскери қызметтің мәртебесі жыл сайын артып келеді. Қазіргі кезде құрылған “Жас сарбаз” республикалық қоғамдық бірлестіктің филиалдары, жыл сайын өткізілетін “Айбын” әскери-патриоттық жиындары арқылы жастардың арасында жүргізіліп отырған әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмыстары күшейтілген.

Сондай-ақ, Қарулы күштердің беделі мен имиджін арттыру мақсатында тұрақты негізде Қорғаныс министрлігінің интернет-порталында, бұқаралық ақпарат құралдарында әскери қызмет туралы бейнероликтер мен сюжеттер жарияланып тұрады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып облыс және аудан орталықтарында, қалаларда әскери қызметті насихаттайтын билбордтар орнатылған. Жалпы және орта-арнайы білім беру мекемелерінде, жоғары оқу орындарында Қарулы күштер, жергілікті соғыстар мен қақтығыс ардагерлерінің, жауынгерлік сайыстың үздік әскери қызметшілерінің қатысуларымен “Ерлік сабақтары” және тағы да басқа іс-шаралар өткізілуде.

Ақпарат көзі: informburo.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button