Новости

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызметтерді рәсімдеу арқылы 200 миллиард теңге заңсыз алынған

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысы туралы есеп берілді және алдағы міндеттер таныстырылды.

Президентке агенттік тарапынан ақшаны жылыстатуға қарсы қабылданған шаралар жөнінде баяндалды. Ведомство жалпы сомасы 24 миллиард теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған жалған компанияларды анықтап, есірткі саудасы мен алаяқтық жолымен табыс тапқан 20 заңсыз криптобиржаның жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар, ТМД елдеріндегі ең ірі криптосервис жойылғаны айтылды. Аталған жүйе 20-дан астам Darknet платформасымен жұмыс істеп, 200-ден аса «наркошопты» қамтыған, нәтижесінде 9,7 миллион долларға тең виртуалды активтер бұғатталған.

Сондай-ақ, агенттік 720 қылмыстық істің тергеуін аяқтап, оның ішінде 15 ұйымдасқан, соның ішінде 3 трансұлттық қылмыстық топты әшкерелегені жөнінде мәлімет берілді. Бұдан бөлек:

  • 17,1 миллиард теңгенің мұнай өнімдерін заңсыз әкету әрекеті тоқтатылған;

  • 2 жасырын темекі цехы мен 16 алкоголь өндіретін заңсыз нысан анықталған;

  • Көлеңкелі нарықтан 12 миллиард теңгеге бағаланған вейптер тәркіленген;

  • 63 инфрақұрылымдық жобада анықталған 164 миллиард теңгеге жуық мақсатсыз жұмсалған бюджет қаражаты бойынша шаралар қабылданған;

  • Ауыл шаруашылығы саласында 11 миллиард теңге көлеміндегі субсидияның тиімсіз пайдаланылғаны анықталған;

  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызметтер арқылы 200 миллиард теңге заңсыз шығарылғаны белгілі болған.

Агенттік төрағасы Жанат Элиманов Президентке азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы да баяндады. Атап айтқанда:

  • Заңсыз микронесиелеу бойынша 23 тергеу басталып, 71 миллиард теңге көлеміндегі залал тіркелген;

  • 300 мыңнан астам борышкердің қарызын қайтару және есептен шығару жұмыстары жүргізілуде;

  • 112 мың азаматты алдаған 45 қаржы пирамидасы таратылған;

  • Алаяқтық жобалар мен құмар ойындарға қатысты 31,5 мың сайт пен сілтеме бұғатталған.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы ведомствоның негізгі бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берді.

Статьи по теме

Back to top button