Хабар

Білім министрі: “Болашақта педагогтердің стипендиясы ең жоғары стипендия болады”

Асхат Аймағамбетов түлектерді педагог мамандығын таңдауға шақырды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook желісінде пост жазып, мектеп оқушыларын оқу жылының аяқталуымен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге бірқатар кеңес берді.

“Қазір “қай университетті таңдасам екен” деп ойланып жүрген боларсыздар. Әрине, бұл өте маңызды мәселе. Енді әрбір жоғары оқу орны түлектеріне мемлекеттік емес, өзіндік үлгідегі диплом береді. Келесі жылдан бастап дипломның ғана болуы жеткіліксіз, сонымен бірге нақты білім мен дағдылардың болуын дәлелдеу қажет болмақ. Тіпті оны сертификатпен растау керек болады. Сондықтан мықты оқу орнын таңдап, болашаққа зор сеніммен қадам басуға шақырамын”, – деп жазды министр.

Ол, сондай-ақ, оқу құнының арзандығы, сабақты босату, емтихан тапсырмай-ақ оқуды аяқтау сынды “мүмкіндіктерге” қызықпауға шақырды.

“Бұл жақсылыққа алып келмейтін әрекет деп есептеймін. Сол себепті жоо таңдаған кезде Университеттің беделіне, оқу орнына қатысты жұмыс берушілердің пікіріне, халықаралық аккредиттеудің болуына, тарихына мән бергендеріңіз абзал.
“Өмір атты белесте тек бір рет қана білім алу жеткілікті” деген ескі қағида өз күшін жоғалтты. Табысқа жету үшін біз өмір бойы оқуымыз қажет. Күн сайын жаңа технологиялар пайда болып жатыр. Өміріміздегі жаңа трендтер – бұл үздіксіз оқу ұғымымен пара-пар”,
– деді Асхат Аймағамбетов.

Ол білім министрі ретінде мықты түлектерді педагог мамандығын таңдауға шақырды.

“Өйткені, білім сапасы, елдің болашағы жоғары оқу орындарын аяқтап шығатын мұғалімдерге тікелей байланысты. Бұл үлкен дәрежеге ие және өте құрметті мамандық. Мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру үшін Президенттің тапсырмасы бойынша біз педагогтердің жалақысын белсенді түрде арттырып жатырмыз. Шамадан тыс есептілікті алып тастадық. Болашақ педагогтердің стипендиясы ең жоғары стипендия болып табылады, бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады”, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button