
Бектенов: 2026 жылдан бастап аз қамтылған азаматтар МӘМС аясында медициналық көмекпен қамтылады
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында 2026 жылдан бастап аз қамтылған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында медициналық көмекті жергілікті бюджет есебінен ала бастайтынын мәлімдеді.
«Басты мақсатымыз – әрбір азамат үшін қолжетімді, ашық әрі әділетті денсаулық сақтау жүйесін құру», – деді ол.
Оның айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесіне аз қамтылған тұрғындарды қосу – ауқымды өзгерістердің бірі. Бұл бастаманы тиімді жүзеге асыру үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар бірлесе әрекет етуі тиіс.
Сондай-ақ премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен өңір әкімдіктерімен бірлесе отырып, жаңа сақтандыру тетіктерін енгізу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды.
«Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдап, азаматтардың сақтандыру жүйесіне жарна төлеу міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Жергілікті жерлерде енгізілетін өзгерістерге әкімдіктер белсенді араласуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.



