Новости

Балқашта жылу көздері мен инфрақұрылым жаңартылып жатыр

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш қаласына жұмыс сапары барысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты. Қалада негізгі жылу көзі саналатын Балқаш ЖЭО-да жөндеу жұмыстары аяқталып, бірқатар қазандық пен турбоагрегаттар іске қосылды. Қазір №9 қазандық агрегаты мен №3 турбоагрегат күрделі жөндеуден өтіп жатыр, отын қоры да толықтырылуда. Ал 1 қыркүйектен бастап негізгі жылу магистральдарын тазалау және нығыздау жұмыстары басталады.

Қалада инженерлік инфрақұрылым жаңарту да жалғасуда. Жылу желілерінің 23,8 шақырымының 14 шақырымы жаңартылды. Сонымен қатар, су құбырларын қайта құру жұмыстарының екінші және үшінші кезеңі аясында соңғы екі жылда 44 шақырым желі жаңартылып, биыл қосымша 13 шақырым ауыстырылды. Бұл апаттар санын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.

Кәріз жүйесі де назардан тыс қалған жоқ – 7,2 шақырым кәріз коллекторы жаңартылды. Электр желілерінде де өзгерістер бар: биыл 12,3 шақырым желі жаңартылып, сегіз трансформатор ауыстырылды.

– Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы көлемі екі есеге жуық өсті. Инженерлік желілердің тозуы – күрделі мәселе. Егер қазір жөндемесек, болашақта қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Саяқ кентіндегі жылу жүйесі жаңғыруда

Саяқ кентінде де жылу желілерін жаңарту жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2023 жылы 8,7 шақырым желі жаңартылып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жаңа қазандықтың құрылысы жүріп жатыр.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, жылыту маусымына дайындық қалыпты жағдайда өтуде. 608 көпқабатты үйдің 480-інде гидравликалық сынақтар өткізілген, дайындық актілері ресімделген. Барлық жұмыстар 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.

Туризм мен көлік инфрақұрылымы да жаңарып келеді

Қаланың туристік әлеуетін арттыру мақсатында әуежайды жаңғырту жобасы қолға алынды. Ұшу-қону жолағы жөнделіп, жаңа рулеж жолы мен асфальтты перрон салынды. Әуежай ғимаратының жылыту, желдету және сумен жабдықтау жүйелері де жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңғырту нәтижесінде әуежай сағатына 80 жолаушыны қабылдай алады. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі үшін жаңа арнайы көліктер сатып алынды.

Жағалау мен білім беру нысандары жаңартылуда

Балқаштың жағалауын қайта жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Қаланың инфрақұрылымын жақсартып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыру көзделген.

Білім беру саласында да жаңалықтар бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 900 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, Абай көшесі, 45 мекенжайындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған техникалық шығармашылық орталығы жөнделіп жатыр.

Әлеуметтік павильондар ашылады

Облыс басшысы Русаков және Шашубай шағын аудандарында салынып жатқан әлеуметтік павильондармен танысты. Қыркүйек айында ашылатын бұл сауда нүктелерінде тұрғындарға негізгі азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан 10–15% төмен ұсынылады.

Статьи по теме

Back to top button