Новости

Балқашта қала тазалығының цифрлық көрсеткіштері енгізілді

Балқаш қаласында LED-экрандар арқылы нақты уақыт режимінде қала тазалығы мен абаттандыру бойынша сандық мәліметтер көрсетілетін «Тазалық көрсеткіштері» жүйесі іске қосылды. Қала аумағында осындай 16 электронды тақта орнатылған. Бұл бастама Қарағанды облысында алғаш рет Балқашта қолға алынып отыр.

Экрандарда келесі деректер көрсетіледі:

  • шығарылған тұрмыстық қалдықтардың көлемі;

  • орнатылған қоқыс жәшіктерінің саны;

  • экологиялық іс-шараларға қатысқан тұрғындар саны;

  • жойылған рұқсатсыз қоқыс орындары мен шығарылған ірі көлемдегі қалдықтар;

  • абаттандырылған аулалар саны;

  • көшелердегі инфрақұрылымдық жұмыстардың орындалу деңгейі.

Алдағы уақытта бұл экрандардың мүмкіндіктері кеңейтіліп, көгалдандыру, жол жөндеу және басқа да абаттандыру бағыттары бойынша ақпараттар қамтылатын болады.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, «Тазалық көрсеткіштері» күн сайын жаңартылып отырады және бұл мәліметтер «Жасыл ел» жасақтарының, коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың атқарған жұмыстарының нақты көлемін көрсетеді. Мұндай ашық статистика тұрғындарға өзгерістердің барысын бақылауға және жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін бағалауға мүмкіндік береді.

— Біз Балқаш тұрғындарының қаладағы өзгерістерді тек сөзбен емес, іспен көргенін қалаймыз. «Тазалық көрсеткіші» — бұл нақты деректерге негізделген айқын формат. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар әрбір азаматтың көзіне көрінуі тиіс, — деді қала әкімі Сапар Сатаев.

Бұл бастама республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асып, қаладағы тазалық, тәртіп пен экология мәселелеріне жүйелі көзқарас қалыптастыруды көздейді. Жобаның басты мақсаты — қала қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындарды белсенділікке тарту және қол жеткізілген нәтижелерді тұрақты түрде жариялап отыру.

Статьи по теме

Back to top button