Хабар

Бүгін – Алғыс айту күні

Бүгін елімізде Алғыс айту күні атап өтіледі.

2016 жылдың 14 қаңтардан бастап 1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні деп жарияланған. Дәл осы күні елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Алғыс айту күні – бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке. Бұл кең құшақ құрмет – еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне, халқымыз үшін айтулы ізгі дәстүрге айналды.

Жалпы, бұл күн қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш пен қайғыны қатар бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын сәті. Дегенмен, соңғы 2 жылдың көлемінде жер шарын шарпыған коронавирус пандемиясы кезінде күні-түні тікесінен тұрып, науқастарды қабылдаған еліміздің медицина қызметкерлеріне зор алғыс білдіргеніміз орынды болар. Өйткені, дәрігерлер коронавирус тараған алғашқы сәттен-ақ пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрді. Олардың жаниқярлық еңбегіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әділ бағасын берген еді.

«Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары», – деп бағалаған болатын Қазақстан Президенті.

Мемлекет те медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуден тыс қалған жоқ. Індетпен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің еңбегіне қомақты үстемеақы қосып, жалақыларын көтерді. Олардың жалақыларын көтеру алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бұл саладағы ғалымдарымыз, ғылыми қызметкерлеріміз де пандемиямен күрестен тыс қалған жоқ. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының арқасында COVID-19-ға қарсы өз вакцинасын жасап шығарған санаулы елдің қатарына қосылдық. Қазіргі уақытта отандық ғалымдар әзірлеген QazVac вакцинасы ванкцинация және ревакцинация кезінде қолданылып, ел тұрғындарының вирусқа қарсы иммунитетінің жоғары болуына септігін тигізіп жүр. Аталған вакцинаны әзірлеген ғалымдарымыз Мемлекеттік сыйлыққа да ие болды.

Пандемия өршіген кезде әскери қызметшілеріміз де, полиция қызметкерлері де аянбай еңбек етті. Олардың да еңбегі өлшеусіз.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың болашағы, ұрпағымыздың ұлағатты болуы ұстазға байланысты екенін де індет жете түсіндірді. Осынау қиын кезеңдерде ұстаздар жедел арада қазіргі заман технологияларына бейімделіп, шәкірттеріне онлайн режимде сабақ беруді үйренді. «Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып, жұмғанша жедел хабар алдыратын» технологияның арқасында болашақ буынның бойынша білім нәрін сіңірді. Қиындықтарға мойымады, мойұнсынбады. Жас буын бойына білім нәрін сіңіру жолындағы жұмыстарын абыроймен атқара білді.

Сондықтан 1 наурыз күні барша ұстаз қауымына да алғыс айту артық етпейді.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button