Новости

Бұқар жырау ауданының тұрғыны «Ауыл аманаты» арқылы жеке кәсібін бастады

Бұқар жырау ауданына қарасты Белағаш ауылында алғаш рет шина жөндеу шеберханасы ашылып, жергілікті тұрғындар үшін бұрын болмаған жаңа қызмет түрі қолжетімді болды. Бұл істі қолға алған – 47 жастағы Ерболат Молдабеков. Бұған дейін ветеринар болып жұмыс істеген ол, көптен бері ойында жүрген кәсібін «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен іске асырды.

«Ауыл аманаты» – ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамтып, табысын арттыруға және шағын бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Ерболат осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жаңа салада кәсібін бастады.

– Жастау кезімде қаладағы шиномонтажда еңбек етіп, біраз тәжірибе жинақтадым. Өз ісімді ашқым келетін, бірақ қаражат болмады. Бағдарлама жайлы білгеннен кейін, құжаттарымды әзірлеп, өтініш тапсырдым. Барлық рәсімдер жылдам әрі оңай өтті. Ауыл әкімдігі мен мамандар тарапынан үлкен қолдау болды – қандай құжат керек, қалай рәсімделеді – бәрін нақты түсіндіріп отырды. Ең бастысы – нақты жоспарың мен шынайы ниетің болуы қажет, – дейді кәсіп иесі.

Ерболат 2,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қажет құрал-жабдықтарын сатып алды. Несие 5 жылға, жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілген. Төлемдер тоқсан сайын жүргізіледі.

Аталған қаражатқа шеберхана үшін қажетті көтергіш, компрессор, домкрат, дөңгелек шешіп-бөлшектеу және балансировка жабдықтары мен қосалқы бөлшектер сатып алынған.

Қазіргі таңда шеберхана Ерболаттың өз ауласындағы гаражда жұмыс істеп тұр. Мұнда шиналарды маусымдық ауыстыру, май құю, жүріс бөлігіне техникалық қызмет көрсету, дөңгелектерді шешу мен орнату, балансировка жасау сияқты түрлі қызметтер ұсынылады.

Болашақта кәсіпкер ісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол несиесін мерзімінен бұрын жауып, келесі кезеңде жаңа шеберхана салып, дәнекерлеу және сырлау жабдықтарын алуды, сондай-ақ қозғалтқыш пен беріліс қораптарын жөндеу, сырлау қызметтерін қосуды көздейді.

Қазіргі кезде Ерболат жалғыз жұмыс істегенімен, оған екі ұлы – 10 және 8 жастағы балалары көмектесіп тұрады. Олар әкесіне құралдарын ұсынып, алғашқы еңбек дағдыларын меңгеруде.

Белағаш ауылы аудан орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Ерболат ашқан шеберхана – тек ауылда ғана емес, бүкіл округ бойынша алғашқы шиномонтаж қызметі. Кәсіпкердің айтуынша, бұл қызмет ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы.

– Бұрын көлікті жөндету үшін аудан орталығына баруға тура келетін. Енді ауыл ішінде-ақ қажет қызметті алуға мүмкіндік туды. Әсіресе көктем мен күз айларында жұмыс қарқынды жүреді. Бұл – маған үлкен мотивация. Қол қусырып отыруға болмайды. Ең бастысы – ниет пен аздаған тәжірибе болса, іске кірісу керек. Қалғаны уақыттың еншісінде, – дейді Ерболат Молдабеков.

Бүгінде оның қызметіне көрші ауылдардың тұрғындарынан да сұраныс артып келеді.

Белағаш ауылдық округінің әкімі Амангелді Күпеновтің айтуынша, Ерболаттың бастамасы – ауылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан үш жобаның бірі.

– Жалпы алғанда, жеті адам өтінім берді. Оның ішінде екеуі – мал шаруашылығына бағытталған жобалар. Біз белсенді азаматтарды әрдайым қолдауға дайынбыз. Мұндай бастамалар ауылда да кәсіпкерлікпен айналысуға болатынын дәлелдеп отыр, – деді әкім.

Back to top button