
Бұқар жырау ауданында әйелдерге жеке кәсіптерін бастауға қолдау ретінде гранттар табысталды
Бұқар жырау ауданында әлеуметтік осал санатқа жататын бес әйелге өз кәсібін ашу үшін Мансап орталығының гранттары табысталды. Барлық қатысушылар «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған болатын.
Гранттар конкурсы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең осы жылдың жазында өтіп, сол кезде үш кәсіпкер жеңімпаз атанды. Жақында екінші кезеңнің нәтижелері жарияланып, 10 өтінімнің ішінен бес аудан тұрғыны 400 АЕК (1 572 800 теңге) көлемінде грант иеленді.
Жеңімпаздар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатындағы іс-шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру ережелеріне сай анықталды.
Грантқа ие болғандардың қатарында Ақөре ауылында тұратын көпбалалы ана Сәния Нұқұшева бар. Ол бөлінген қаржыға үш сиыр сатып алып, сүт өнімдерін өндіруді көздеп отыр.
Көпбалалы ана Әсел Жұмабаева грант қаражатына мобильді монша (бөшке-бу) алып, оны ауыл тұрғындарына жалға беруді жоспарлауда.
Баймырза ауылынан келген Эльмира Елеуханова – асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын тұрғын. Ол грант көмегімен жылыжай салып, көкөніс өсірумен айналыспақ.
Тоғызқұдық ауылында тұратын көпбалалы ана Нұргүл Мергенбай қой шаруашылығын дамытуды қолға алуды көздеп отыр.
Доскей ауылындағы мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Айман Айділдина грант қаржысына құрт өндірісін жолға қоюды жоспарлауда.
– Бұл гранттар жаңа кәсіп бастаушыларға өз мүмкіндіктерін іске асырып, шағын өндірісті қалыптастыруға әрі тұрақты табыс табуға зор мүмкіндік береді, – деді аудан әкімінің орынбасары Әлия Шайкенова.

