
«Auyl Jastary»: ауыл жастары Жаңа Қазақстанды құруға дайын екендерін мәлімдеді.
Қазақстанның барлық өңірінен келген 200-ге жуық белсенді қатысқан бұл форум ауылды дамыту, мемлекеттік бағдарламаларға жастардың қатысуы және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған кең ауқымды алаңға айналды. Форумның ұйымдастырушысы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.
Бастамаға бастау болған форум
Форумды ашқан Серік Егізбаев елді дамытудағы жас мамандардың стратегиялық рөлін атап өтіп, ауыл жастарын жасанды интеллект пен цифрландыру саласын белсенді игеруге шақырды:
«2025 жылға арналған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрландырудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, Үкіметке экономиканың барлық негізгі салаларын жаңғырту үшін жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Бұл – еліміздің алдағы үш жылда цифрлық державаға айналуына жол ашатын маңызды қадам», – деді Егізбаев.
Сондай-ақ ол партия құрамындағы креатив және жастармен жұмыс департаментінің жұмысын атап өтті. Бұл департаменттің міндеті – ауыл жастарының бастамалары мен дарынды идеяларын қолдау. Партия төрағасы технологиялық өзгерістер дәуірінде жастар дәстүрлі құндылықтарды инновациялық тәсілдермен ұштастыра отырып, прогрестің қозғаушы күші болуға тиіс екенін жеткізді.
Ауыл күші – ел күші
Серік Егізбаев өз сөзінде ауылдық аумақтарды дамыту – мемлекеттің стратегиялық мақсаты екенін атап өтті. Жастардың «Дипломмен – ауылға», «Ауыл аманаты», «Кең дала» және басқа да бағдарламаларға қатысуы заманауи әрі тұрақты экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты:
«Ауыл – елдің тірегі. Ауыл дамымаса, ел дамымайды. Ауылдың дамуы – бұл тек мемлекеттің ғана емес, әрбір жас азаматтың жеке миссиясы», – деді спикер.
Ол жастарды ауыл шаруашылығын жаңғырту, экология және волонтерлік салалардағы бағдарламаларды жүзеге асыруға белсенді араласуға шақырды.
Шабыттан нақты іске дейін
Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, Төлеби ауданының әкімі Еркегали Әлімқұлов, «Ауыл» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Төрегелді Қалмұратов және танымал мотивациялық спикерлер сөз сөйледі.
Қозғалған тақырыптар қатарында жастар еңбек отрядтарының рөлі, экологиялық бастамалар және партиялық кадрлық бағдарламалар болды. Егізбаев «Таза 25 шақырым» акциясының нәтижелерін атап өтті. Бұл жоба аясында 20 өңірден 2000-нан астам жас 750 тонна қоқыс жинаған. Сонымен қатар 66 студенттік еңбек отряды құрылып, 700-ден астам студент жұмыспен қамтылған.
«Бұл жобалар жастарға тек еңбек тәжірибесін ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік пен патриотизм сезімін де ұялатады», – деді партия көшбасшысы.
Жастар үндеуі
Форумның кульминациясы – «Ауыл» партиясы жастар қанатының Үндеуін қабылдау болды. Құжатта форум қатысушылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытын қолдайтынын және Жаңа әрі Әділетті Қазақстанды құруға үлес қосуға дайын екендерін мәлімдеді.
«Біз жастар бірлестіктері мен волонтерлік қауымдастықтарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа әрі Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған бастамаларын нақты істермен және жобалармен қолдауға шақырамыз. Біз еңбек адамының беделін, дәстүр мен прогресті, қоршаған ортаға ұқыпты қатынасты қолдаймыз. Біздің ұрпақ – өз білім деңгейімен және жауапкершілігімен жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне лайық болуға тиіс», – делінген Үндеуде.
Жастар – болашақтың тірегі
Форум қатысушылары ауыл жастары – бұл тек дәстүрдің сақтаушылары ғана емес, сонымен қатар заманауи Қазақстанның белсенді бөлігі екенін атап өтті. Олар цифрлық және инновациялық бағыттарды дамытуға дайын екенін жеткізді.
«Auyl Jastary» форумы – ел болашағы үшін білімін, күш-жігерін және жауапкершілігін біріктірген жас көшбасшылардың бірігуінің символына айналды.




