Хабар

Асыраушысынан айырылған отбасына қандай көмек көрсетіледі

Елімізде асыраушысынан айырылған отбасына мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлем бар. Бұл жәрдемақыны алуға Қазақстан азаматтарынан бөлек, елімізде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да құқылы. Бұл төлем қалай төленеді? Жәрдемақы көлемі қанша? Әлеуметтік төлемге өтініш беру үшін қандай құжаттар керек? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қыркүйектегі жағдай бойынша асыраушысынан айырылғандар саны 180,1 мың адамға жеткен. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы мөлшері қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адам санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. Айта кетейік, асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекет тарапынан тағайындалатын әлеуметтік төлемдерге Қазақстан азаматтарынан бөлек, елімізде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да құқылы. Егер ол бірнеше мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы болса, (мүгедектігі, жасы және т.б.), онда мемлекеттен тек бір ғана жәрдемақы тағайындалады.

Асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем кімге және қалай төленеді?

– балаларға (асырап алынған балаларын, өгей балаларын және өгей қыздарын қосқанда), қайтыс болған асыраушыдан бөлек еңбекке жарамды туысы жоқ, он сегіз жасқа толмай мүгедек болып қалған ағалары, апа-сіңлілері мен немерелеріне, алимент алмайтын өгей балаларына;

– зейнетке шыққан әкесі, шешесі (асырап алушыларды қоса алғанда), әйелі, күйеуіне;

– қайтыс болған асыраушының сегіз жасқа толмаған баласын бағатын еңбекке жарамды ағасына, әпкесіне, ата-анасы немесе ата-әжесіне;

– күнкөріске жеткілікті қаражаты жоқ зейнетке шыққан атасы мен әжесіне.

Айта кететін жайт, асыраушысынан айырылған кәмелет жасына толмаған баланы басқа біреулер асырап алған жағдайда да, ол жәрдемақы алу құқығын сақтай алады. Бұған қоса, колледж бен университетте оқитын отбасы мүшелері 23 жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлем алуға құқылы. Ал ата-анасынан айырылған бала үшін жәрдемақы оның ресми өкіліне беріледі.

Әлеуметтік төлем мөлшері отбасы мүшелерiнiң санына қарай тиiсiнше ұлғайтылады немесе азайтылады. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің саны өзгерген жағдайда есептеу қайта жасалады. Асыраушылардың яғни ата-ананың екеуі де қайтыс болған жағдайда, төлем оның балаларын асырап алушыға (қамқоршыға) төленедi.

Жәрдемақы көлемі қанша?

Асыраушысынан айырылғандарға ай сайынғы жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес тағайындалады. Жәрдемақы мөлшері еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің санына қарай бекітіледі. Толығырақ төмендегі суреттен таныса аласыздар.

Әлеуметтік төлемге өтініш беру үшін қандай құжаттар керек?

– жеке басты куәландыратын құжат (жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің ҚР-да тұруға ықтиярхаты) немесе қандас мәртебесі бар адамдар үшін қандас куәлігі – жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі;

– асыраушының қайтыс болғаны туралы куәлік немесе адамды хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы соттың шешімі;

– қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) адаммен туыстық қатынастарды растайтын құжаттар, баланың (балалардың) туу туралы мәліметтері, қайтыс болған асыраушының консулдық легализациясы не арнайы штампы (апостилы) болған кезде шет мемлекеттердің құзырлы органдары берген баланың Қазақстан Республикасынан тыс жерде тууын тіркеу туралы және неке (ерлі-зайыптылық) және некені бұзу туралы, асырап алу туралы, әке (ана) болуды белгілеу туралы куәліктер;

– он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейінгі отбасы мүшелерінің білім алатыны немесе күндізгі оқу нысанында білім алатыны туралы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан алынған анықтамалар (жыл сайын жаңартылады);

– қамқоршы немесе қорғаншы белгілеу туралы құжат;

– банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі.

Жәрдемақы қанша уақыт ішінде тағайындалады және қайда жүгіну керек?

Тұрғылықты жердегі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесінде 3 күнтізбелік күн ішінде қызмет көрсетіледі. Тағайындау мерзімі өтініш беруші мемлекеттік корпорацияға барлық қажетті құжаттармен тіркелген күннен және әлеуметтік төлемді тағайындауға келісім алған күннен бастап сегіз жұмыс күнінен аспайды. Қызметті онлайн режимінде Қазақстан Республикасының «Egov» электрондық үкіметінің сайтынан алуға болады.

Айта кетейік, 2021 жылғы 12 қазанда әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Соған сәйкес, мүгедек балалар бірден екі түрлі жәрдемақы алу құқығын алды. Бұл асыраушысынан айырылған және мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын қолданыста болған заңнама нормасына сәйкес, ата-анасының біреуі немесе екеуі (яғни асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша немесе асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақының біреуін ғана ала алатын еді. Енді 2 мыңнан астам бала мүгедектігіне берілетін жәрдемақымен (2022 жылғы мөлшері 50 426-дан 69 155 теңгеге дейін) қатар асыраушысынан айырылуы бойынша төленетін жәрдемақыны да (2022 жылғы мөлшері 12 667-тен 30 976 теңгеге дейін) ала алады.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button