Хабар

Асхат Аймағамбетов: Балалардың қиялын дамыту үшін ғылыми фантастикаға көңіл бөлуіміз керек

Қазақстан мектептері оқушылар үшін 2,5 миллионнан астам жаңа көркем әдебиет сатып алды.

“Оқуға құштар” жобасы басталғалы бір жыл ішінде мектеп кітапханаларында кітап оқитын оқушылар саны 200 мыңға артты. Осы орайда, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми фантастика жанрына көбірек көңіл бөлуды тапсырды.

“Қазан әлем бойынша “Мектеп кітапханаларының халықаралық айы” болып есептеледі. Осы ай төңірегінде біз “Әлем елдерінің халық ертегілері” апталығын жарияладық. Ол 29 қазанға дейін жалғасады. Кітапханашылар ұлттық күнді белгілеу мәселесін көтерді. (…). Сондай-ақ, алдағы уақытта да көркем әдебиетпен қамту және кітапханалардағы интернетті жылдамдату мәселесі өзекті болып отыр”, – деді БҒМ білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов.

Министр Асхат Аймағамбетов өз кезегінде мектептердегі көркем әдебиет қорын әрі қарай ұлғайта түсуді және оны сатып алу бойынша артта қалып келе жатқан өңірлерде жұмысты жандандыруды тапсырды.

“Тек бір жыл ішінде 2,5 миллионнан астам жаңа көркем әдебиет сатып алынып, тиісті мектептерге жеткізілді. Бұл, шын мәнінде, өте маңызды жұмыс. Сондықтан бұл жұмысты біз міндетті түрде жалғастыруымыз керек. Көркем әдебиет қоры әрі қарай да ұлғайтылады. Бұған дейін мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі көркем әдебиеттің өте аз екенін айтып келдік. Өздеріңіз көріп отырғандай, енді көлемі ұлғайды. Бірақ, “мемлекеттік тілде” дегеніміз олардың барлығы Қазақстан авторларына тиесілі деген сөз емес. Негізінен дүние жүзі әдебиетінің туындылары қазақ тіліне аударылған. Бұдан өзге Түркістан, Қызылорда және Алматы қалаларында осы бағыт бойынша жұмыстарды жандандыра түсу қажет”, – деп қосты Асхат Аймағамбетов.

Мұнымен қатар, министр мектептерде күн сайын жиырма минут кітап оқу жұмысын бақылауды тапсырды. Бірінші кезекте, балалардың өзі сүйсіне оқитын кітаптардың көп болуы маңызды екенін айтты.

“Мен әртүрлі кітапхананы аралап, қарап жүрмін. Әрине, біраз серпіліс бар. Осы жұмысты әрі қарай да жалғастырып, келесі жылғы бюджетте ескеру керек. Ғылыми фантастика жанры, әсіресе, балалардың қиялын дамыту және креативті ойлауын дамытуға көңіл бөлгеніміз жөн. Классикалық әдебиеттер де болуы керек. Қазіргі уақытта оқушылардың өзі сүйіп оқитын кітаптарды тізімге енгізіп, оқулық орталығы тиісті жұмыстарды жалғастыруы тиіс”, – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, Қазақстан мектептерінің 16 пайызында кітапхана жоқ екені белгілі болды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында айтылды.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button