
Арманың – форма киген өмір: Толқын Аяпбергенованың әскери жолы мен Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі
Толқын Аяпбергенова – 6505 Әскери бөлімі ТЖӘҚЖ бөлімше бастығының көмекшісі
Әйел адам үшін бұл қиын жұмыс. Неліктен осы әскери саланы таңдадыңыз? Осы жағын түсіндіріп өтсеңіз.
– Әркімнің өз таңдауы, өз лауазымы болады. Мен өзім осы саланы армандаған едім. Арманыма жеттім. Кішкентай кезімнен форма киген адамдарға қызығатынмын.
Сіздің отбасыңызда бәрі әскери салаға жақын ба?
– Әскери салаға жақын. Жұбайым да әскери қызметкер. Барлығымыз бір әскери бөлімдеміз. Бірақ, әр салада жұмыс жасаймыз. Мен тәрбие саласы бойынша қызмет атқарсам, ол ер азаматтарға қатысты салада қызмет атқарады. Ұлым 10 жаста. Арманы «Спецназ боламын» – дейді.
Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде «Наурызнамаға» қатысты қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?
– Енді, қазір әр қаладағы мемлекеттік мекемелерде он күндік акция ұйымдастырылды «Наурызнама»деген. Яғни, Наурызнаманың әр күні аталып өтіледі. Сонымен қатар, әр күніне челлендждер мен т.б шаралар өткізіп жатырмыз. Мысалы, 14 наурыз «Көрісу» күніне орай балалар үйіне барып челлендж арқылы оркестрімізбен шағын концерттік бағдарлама қоймақшымыз. 15 күні болатын «Қайырымдылық» күніне орай қарттар үйіне барып концерттік бағдарламалар ұйымдастырмақшымыз. Осы сияқты тағы да басқа күндерге айрықша жоспарларымыз бар.
Әскери бөлімдеріңізде «Наурыз»мейрамы қалай тойланады?
– Қаладағы басқа бөлімдерде мереке кезінде сарбаздар көшеге шығып әр бөлім өзінше тойлап жатады. Ал, біздің 6505 бөлімі өз ішімізде сарбаздарға кішігірім «Наурыз» мейрамын ұйымдастырамыз. Бауырсақ, шелпек пісіріліп, ұлттық тағамдарды алып келіп, киіз үй құрып ерекше тойлаймыз. Біздің сарбаздарымыз да бізге берілген ата-аналарының аманаты ғой. Сол аманатымызға әр мерекені ұмытпастай етіп көрсетеміз.
Әскери бөлімде ұлттық ойындар, жарыстар өткізіледі ме?
– 20 күні «Ұлттық спорт» күні болады. Қазақша күрес, қол күресі, тоғызқұмалақ спорт түрлері өткізіледі.
Бұдан бөлек демалыс күндеріне арналған іс-шаралар ұйымдастырасыздар ма?
– Демалыс күндерінде кинотеатр, театрлық қойылымдарға барамыз. Жалпы, демалыс күндерінің жоспарына байланысты шығып тұрады сарбаздар.