Новости

Алматы–Ақтау рейсінде төтенше жағдай орын алды

Әлеуметтік желілерде ұшақ ішінде болған оқиғаға қатысты видео тарады. Жолаушылардың айтуынша, әуеге көтерілген сәтте борттан түсініксіз дыбыстар естілген. Ұшу басталғаннан кейін шамамен 30–40 минут өткенде ұшақ төмендей бастаған.

Оқиға жолаушылар арасында қатты алаңдаушылық тудырып, салонда үрей орнаған.

«Адамдар дұға оқи бастады, әйелдер жылап жатты, ал бортсеріктердің жүздерінен де қорқыныш байқалды. Бір сәтте «ұшақ шұғыл түрде қонуы мүмкін» деген хабарлама айтылды. Бортсеріктің дауысы дірілдеп, қобалжуы сезіліп тұрды», – деп бөлісті оқиғаның куәгері.

Ұшақтың төмендеуі шамамен 10–15 минутқа созылған. Осы кезде жолаушылар орындарынан тұрып, бортта дүрбелең басталған. Стюардессалар салон ішінде жүгіріп жүргені де жазбада айтылған.

Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі 31 тамызда Алматыдан Ақтауға бағыт алған КС 859 рейсі шынымен де шұғыл қонуға мәжбүр болғанын растады.

«Экипаж Ақтауға жақындағанда техникалық ақау туралы хабарлап, нұсқаулыққа сәйкес біріншілердің бірі болып қонуға рұқсат сұрады. Нәтижесінде ұшақ қауіпсіздік хаттамасына сай, ешқандай зардапсыз Ақтау әуежайына қонды», – делінген ресми мәлімдемеде.

Қазіргі таңда әуе кемесіндегі техникалық ақаудың себебі анықталуда. Жолаушылар басқа ұшаққа ауыстырылған.

Back to top button