Айдос Сарым: Президент 180 күнді белгіледі, осы уақыт ішінде жағдайды біржақты қылу керек

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым елдегі қазіргі жағдай, Президент мәлімдемесі мен Үкімет отставкаға кетуіне қатысты пікір білдірді.

«Газ бағасының қымбаттауына қатысты халықтың талабы орынды деп ойлаймын. Жалпы елде экономикалық шешім қабылдар кезде, оның әлеуметтік-саяси тұсын да ұмытпаған жөн. Халық тағдыры мен мүддесіне қатысты заң, реформа немесе шешім қабылдар алдында жұртты хабардар еткен дұрыс. Яғни біз жоспар құрып, шешім қабылдаған кезде алдымен адамның мүддесін ескеруіміз қажет. Сосын халық үшін іске асып жатқаны шараны артық-кем тұсын саралап, апробациядан өткізу керек. Тағы бір маңызды дүние, болып және болайын деп жатқан жайт туралы халықты жан-жақты ақпараттандыру маңызды», — деді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, енді жасақталатын Үкімет жоғары айтылған жайттарды назарға алған жөн.

«Бүгін Мемлекет басшысы қозғаған тағы бір маңызды мәселе жеке тұлғалардың өзін банкрот деп жариялай алуы. Өмірде түрлі жағдай болып жатады, адамдар қарызға батып жатады немесе несиесін уақытылы төлей алмауы мүмкін. Сондай жағдайда тек заңды тұлғалар емес жеке тұлғалар да өзін банкрот деп танып, жеке мәселені шешудің бір жолы. Және бұл біраз елдерде бар практика. Коммуналдық тарифтердің бағасы да уақытылы көтеріліп отыр. Себебі оның салмағы баяғы халықтың қалтасына түседі. Және Президент 180 күнді белгілеп отыр, яғни осы уақыттың ішінде жағдайды біржақты қылу керек. Бұл Үкіметке жүктелетін міндет», — дейді ол.

Одан бөлек, халық қалаулысы Үкіметтің отставкаға кетуіне қатысты өз ойын білдірді.

«Өз басым Премьер-Министр дұрыс шешім қабылдады деп есептеймін. Үкімет басшысының жауапкершілікті өз мойнына алып, отставкаға кетуі заңды әрі азаматтық шешім деп ойлаймын. Бүгінде Үкіметтің жаңа құрамын жасақтауға кірісіп жатыр, жуырда фракция отырысы өтеді», — деді Сарым.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты құқық қорғау органдары әлеуметтік желіде тарап жатқан түрлі ақпараттар мен видеоларға сараптама жүргізу керектігін айтты.

«Арандатушылықтан аулақ болу керек. Яғни халықты шатастыруға жол бермеу қажет. Ел ішінде іріткі салмау үшін желіде тарап жатқан ақпараттарды саралаған жөн. Тек ресми деректерге сүйеніп, фейк ақпараттардан аулақ болғанымыз дұрыс», — деді ол.

Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізіп, қазіргі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ең алдымен атқарылатын шаралар туралы баяндады.

inform.kz

Автор: Корреспондент

Читайте также

Неліктен перзентханада босанған әйелді флюорографияға түсіреді?

Жас ананы перзентханадан шығармас бұрын өкпесін түсіруге жібереді. Ол не үшін керек және сәулелендіру сүт …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *