
Абай ауданында инфрақұрылымды жаңарту бағытында кең көлемді жұмыстар белсенді түрде жүзеге асырылуда

Абай ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Қала бойынша ұзындығы 26 шақырым болатын кәріз желілерін жаңарту жоспарланған. Құрылыс барысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында танысты.
Бұл жоба өткен жылы қолға алынған болатын. Бүгінгі таңда 6 шақырымдық кәріз желілері тартылып, отандық өндірісте шығарылған құбырлар пайдаланылған.
Сонымен қатар, аудан халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Ягодное ауылында су құбыры желісінің құрылысы аяқталуға жақын. Жоба іске қосылған соң ауыл тұрғындарының барлығы — 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Мұнда 3,2 шақырым су желісі тартылып, 42 су құдығы орнатылған. Қазіргі уақытта жүйені іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Осыған ұқсас жоба көршілес Садовое ауылында да жүзеге асырылып жатыр.
— Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл Абай ауданының барлық ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен толық қамтуды жоспарлап отырмыз. Алыстағы елді мекендерге 5 су тарату бекеті орнатылды. Халқы шамамен 200 адам болатын екі ауылда сумен жабдықтау жүйесін толық аяқтадық. Қыркүйекте пайдалануға беруді көздеп отырмыз, — деді аудан әкімі Сәбит Оспанов.
Сонымен бірге, ауданда алдағы жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Әкім «Бамовская» сорғы станциясына барып, ондағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл нысан 78 көпқабатты үй мен 17 әлеуметтік мекемеге қызмет көрсетеді. Станцияда қондырғылар жаңартылып, жылу желілері оқшауланған, жылу энергиясын есептейтін құрылғылар орнатылған және жүйелі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек, Жартас ауылында жаңа қазандықтың құрылысы аяқталған, ал Южное кентіне модульдік қазандық сатып алынған.

