Ақиық ақын Мұқағалидың туғанына – 90 жыл

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұхамедқали) Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына бүгін тура 90 жыл толды.

Ол 1931 жылы ақпанның тоғызы күні Нарынқол өңірінің Қарасаз ауылында дүние есігін ашқан. «Қайран Қарасазым-ай» деп өлеңге қосқан, кейін әнші Рамазан Стамғазиевтің әніне айналған аядай ауылды бүгінде білмейтін қазақ кемде-кем.

Мұқағалидің бала кезі сұм соғыстың қасіретті жылдарына тұспа-тұс келеді.

«Неңді сенің аңсаймын бала шағым, бұлдыраған айналаң ала сағым» деген ақынның анасы Нағиман Мұқағалидың өкшесін баса туған үш ұлды асырап жеткізеді.

«Сенің қандай аңсаймын «тамашаңды?» Соғыс келді: жүрекке жара салды»… Осы өлең жолдарынан ақынның бала кездің өзінде қандай қиыншылықтан өткенін аңғарамыз.

«..Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған,
Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.
Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,
Себебі ол үйімізден тірі аттанған…»

Орта мектепті интернатта жатып бітірген жігерлі жас еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады.

Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке бет бұрады.

Мұқағалиді бір оқыған адам бәлкім оның пессимистік көзқарасы басымдау ақын деп ойлауы әбден мүмкін.

Әйтсе де оның өмірге ғашық, махаббатқа құштар өлеңдерін оқып отырып, жігеріңізді жанып, қайратыңызды қайрайтын айшықты ойларды кездестіруге болады.

«Жылап келіп, келмейді жылап кеткім!
Ол ғұмырды келеді бір-ақ тепкім.
Жамандықты жақсартып, жақсылықты,
Онан сайын келеді қуатты еткім», — дейді ақын.

Мұқағали Мақатаев алпысыншы жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, 1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), 1965-1972 жылдары «Жұлдыз» журналдарында, 1972-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған.

Ол — қазақ поэзиясына қайталанбас туындыларымен, отты жырларымен келген ақын. Өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтерді.

Мұқағали поэзияда туған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының парасатын кемелдендіре түсті.

Мұқағали Алматыда өмір сүрген жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын таныта білді.

«Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Ақынның аударма саласында да еңбегі зор.

Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тілінде сөйлеткен ақынның кітаптары өмірден өткеннен кейін он мыңдаған данамен басылып шығып жатты.

Ақын 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден өткен.

«Қай күні менің тәмамдалады дастаным» деп кейіп жазғанымен, тірісінде бағалана қоймаған ақынның ендігі дастаны шексіз екенін көріп отырмыз.

Күні бүгінге дейін халықтың ақын шығармашылығына деген құрметі бір мысқал кеміген емес.

Бүгін де ақынның өлеңдері мен шығармаларының, ой-толғауларының жаңа кітап болып басылып жатқаны – осыған куә.

Автор: Корреспондент

Читайте также

Қазақстандықтар сапасыз жол туралы анонимді шағым түсіре алады

Қазақстандықтарға сапасыз жол туралы анонимді шағым түсіру мүмкіндігі ұсынылды. Бұл жайында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.