Қазақстанның қай өңірлерінде ауа тым қатты ластанған?
Атмосфераға шығатын ластауыш заттардың жартысынан көбі Павлодар мен Қарағанды облысына тиесілі.
2021 жылы барлық стационар көзінен шығатын ластаушы заттардың көлемі 34,3 млн тоннаны құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 3,3% аз. Оның 31,9 млн тоннасы немесе жалпы көлемінің 93 пайызы залалсыздандырылды, деп хабарлайды energyprom.kz сайты.
Былтыр атмосфералық ауаға шыққан ластауыш заттардың көлемі 2,4 млн тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,4% аз.
Атмосфераға шығатын ластауыш заттардың жартысынан көбі Павлодар мен Қарағанды облысына тиесілі: 736,2 мың және 569,7 мың тонна. Мұнымен қатар:
Атырау облысы – 160,3 мың тонна;
Қостанай облысы – 137,9 мың тонна;
Ақтөбе облысы – 137,4 мың тонна;
Шығыс Қазақстан облысы – 128,1 мың тонна.
2,4 мың тонна ластаушы заттардың 2,1 млн тоннасы өнеркәсіп саласына тиесілі. Ішінде жылу және энергиямен жабдықтау сегментінікі – 945,2 мың тонна. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 0,1% артық.
Өңдеуші өнеркәсіп әсерінен ауаға 728,1 мың тонна ластаушы зат шықты. Бұл 2020 жылға қарағанда 6,5% аз. Тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеру кезінде 356,6 мың тонна ластаушы зат ауаға бөлініп шықты. Бір жылда 3,7% өскен.
Сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою кезінде 47,8 мың тонна зат бөлінді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4,3% көп. Бұдан өзге көлік пен қойма саласы ауаға 114,4 мың тонна ластаушы зат бөлді. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 7,9% көп.
Амосфераға шыққан газ тәрізді және сұйық ластаушы заттар көлемі 2021 жылы 79,6% немесе 1,9 млн тонна болды. Олардың ішінде:
күкіртті ангидрид – 835,4 мың тонна;
көміртек тотығы – 473,2 мың тонна;
азот тотығы – 322 мың тонна;
көмірсутек – 133,2 мың тонна;
аммиак – 2,8 мың тонна;
күкіртті сутек – 2,1 мың тонна.
Қатты ластаушы заттар шығарындыларының үлесі – 20,4% немесе 491,7 мың тонна. Ал органикалық қосылыстар – 6,1% немесе 146,5 мың тонна.