
3,9 млн теңгеге дейін айыппұл: Блогер Жанабыловтардың көлік ұтысын туризм министрлігі тексеруге алды
Министрлік жанындағы құмар ойындар мен лотерея қызметін реттеу комитетіне азамат С-дан аталған блогерлер ұйымдастырған бағалы сыйлық ұтыстарының лотерея заңнамасына сәйкестігін тексеру туралы өтініш түсті.
Қазіргі уақытта азамат Жанабыловқа Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 743-бабы 1-бөлігі (Хабардар ету) бойынша түсініктеме беру туралы хабарлама жіберілді. Тексеру нәтижесіне байланысты әкімшілік іс қозғау мүмкіндігі қаралады.
Егер түсініктеме берілмесе, комитет Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 445-1-бабы 6-бөлігі (Лотереялар туралы заңнаманы бұзу) бойынша іс қозғайды. Бұл жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш (393 200 теңге), шағын бизнес пен ҚҚ-ларға 300, орта бизнеске 500, ірі кәсіпорындарға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды қарастырады. Азамат келмеген жағдайда іс сырттай қаралады.
«Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңының 5-бабы 4-5 тармақтарына сәйкес, лотереяны оператор немесе агент емес тұлғалардың ұйымдастыруы және билеттерді таратуына тыйым салынған. Туризм министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілердегі ресми емес ұтыс ойындарына, «гивтерге» және басқа күмәнді шараларға қатыспай, сақ болуға шақырады. Бұл қаржылық шығындар мен алаяқтықтан қорғайды.




