Новости

2026 жылы қазақстандықтар үшін ең жиі салынатын айыппұлдардың мөлшері артады

2026 жылы Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өсетін болады, бұл өз кезегінде айыппұлдардың мөлшеріне тікелей ықпал етеді. Яғни, келер жылдан бастап жиі кездесетін құқық бұзушылықтар үшін төленетін айыппұлдар көлемі артпақ.

Қаржы министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялады. Құжат Үкімет тарапынан мақұлданып, Парламент қарауына жіберілді. Онда ең төменгі жалақы, зейнетақы, күнкөріс минимумы мен АЕК сынды негізгі әлеуметтік көрсеткіштер көрсетілген. Құжат әзірге жоба ретінде ұсынылғанымен, тәжірибе бойынша бұл сандар көбіне өзгеріссіз қабылданады.

Атап айтқанда, 2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 4 325 теңге болады деп жоспарланған. Қазіргі АЕК – 3 932 теңге.

2025 жылдың басында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті елімізде ең жиі қолданылатын 10 айыппұл түрін атаған еді. Жаңа АЕК мөлшеріне сәйкес, 2026 жылы бұл айыппұлдар шамамен төмендегідей болады:

  • Жылдамдықты асыру — 5 АЕК: 21 625 теңге

  • Жол белгілерін немесе жолақтарды елемеу — 3 АЕК: 12 975 теңге

  • Көлікті дұрыс емес жерде тоқтату/қою — 5 АЕК: 21 625 теңге

  • Жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы — 2 АЕК: 8 650 теңге

  • Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу — 5 АЕК: 21 625 теңге

  • Жолаушыларды белбеусіз не мотошлемсіз тасымалдау — 5 АЕК: 21 625 теңге

  • Қызыл шамға өту — 10 АЕК: 43 250 теңге

  • Қоғамдық орында ішімдік ішу немесе мас күйде жүру — 5 АЕК: 21 625 теңге

  • Қоғамдық орындарды ластау — 10 АЕК: 43 250 теңге

  • Міндетті сақтандыру талаптарын бұзу (заңды тұлғалар үшін) — 300 АЕК: 1 297 500 теңге

Осылайша, 2026 жылдан бастап АЕК өсіміне байланысты айыппұлдардың да көлемі едәуір артады.

Статьи по теме

Back to top button