2022 жылы үй алуға болатын ипотекалық бағдарламалар

2022 жылы мемлекеттік Нұрлы жер немесе 7-20-25 бағдарламасымен әлі де пәтер алуға мүмкіндік бар. Тұрғын үй сарапшысы Нұрсейіт Мұратов Tengrinews.kz-ге қазақстандықтар биыл тағы қандай ипотекалық бағдарламаларға қатыса алатынын және олардың шарттары мен талаптарын айтты.

Ескерту: Кей мемлекеттік бағдарламалар бюджеттен ақша бөлінуіне қарай ашылады және нақты қазіргі уақытта жабық болуы мүмкін. Сол үшін алдын ала банктерден нақтылау қажет.

50/50

Нарықтан үй алу бойынша 50/50 бағдарламасы көп банкте бар. Айталық, Отбасы банкінде пәтер ақысының жартысын жинап, ең төменгі 5 пайызбен табысын растамай, ипотека алуға болады. Бірақ ол үшін бірнеше талапқа сай болу қажет:

• Отбасы банкінде міндетті түрде депозит болуы шарт;

• үш жылда ақшаның 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткіші 16-ға толуы керек. Ол үшін үш жыл бойы ай сайын белгілі бір мөлшерде ақша салып отыру қажет.

Нұрсейіт Мұратовтың сөзінше, қазіргі таңда көп адамның айлық табысы жетпей, ипотека ала алмай жүр. Сол үшін адам ерінбей өз болашағы үшін ақшаны алдын ала жинай бергені жөн. Ал депозиті жоқ адамдар пәтер сомасының 50 пайызын жинап, табысын растау арқылы 7-8,5 пайызбен қиындықсыз үй рәсімдей алады.

«Көп банкте пәтер ақысының 50 пайызын құйып, табысты растамай пәтер алуға болады. Мысалы, Алтын банк, Сбербанк, Halyk банкте стандарт ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 14 пайыздан жоғары болады. Ал табысын растаусыз шамамен 18 пайыз», — дейді ол.

Сонымен қатар, сарапшы Отбасы банкіне ұқсас жеке компаниялар мен кооперативтер көбейіп кеткенін ескертті. Нұрсейіт Мұратов ешқандай кепіл бермейтін ұйымдарға сенбеуге кеңес берді.

Нұрлы жер

Бұл тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Әкімдікте үй кезегінде тұрған адамдар қатыса алады. Ол бойынша пәтер ақысының 10 пайызын жинап, 20 жылға дейін ипотека рәсімдеуге болады. Несие мөлшерлемесі — 5 пайыз.

Нұрсейіт Мұратов мемлекеттік бағдарламалардың шарты жиі өзгеріп тұратынын айтты, сол себептен үй аларда міндетті түрде кеңесшімен жұмыс істеген жөн екен.

«Бұл бағдарлама бойынша қайталама нарықтан үй ала алмайсың, тек сатылымға жаңадан қойылған немесе салынып жатқан үйлерді алуға болады. Табысты міндетті түрде растау керек. Қазіргі уақытта адам басына табыс 133 мың теңгеден аспауы керек. Мысалы жанұяда төрт адам болса, отбасы табысы 532 мыңнан аспауы керек», — деп түсіндірді маман.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы

Бақытты отбасы — табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша әкімдікте баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрған адамдар үй ала алады, олар:

• көпбалалы отбасы (кем дегенде 4 бала)
• толық емес отбасы (ажырасқанына 3 жылдан асуы керек)
• мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы (мүгедектіктің кез келген тобы).

Ол бойынша жаңа салынған үйден жаңа пәтер, қолданыста болған пәтер мен жер үй сатып алуға болады.

«Бағдарлама бойынша заем мөлшерлемесі жылдық 2 пайыз. Ең төменгі бастапқы жарна 10 пайыз. Заем мерзімі 20 жылға дейін. Оның сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 15 миллион теңгеге дейін. Басқа аймақтарда 10 миллион теңгеге дейін. Тұрғын үйді әкімдікте кезекте тұрған аймақта ғана сатып алуға болады», — дейді Нұрсейіт Мұратов.

Табыс қандай болуы керек?

Отбасының әрбір мүшесіне келетін соңғы алты айдағы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс, яғни қазір отбасылық табыс мөлшері адам басына шаққанда 111 655 теңгеден аспауы керек.

Кіріс ретінде не ескеріледі?

Негізгі кіріске еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс жатады. Сіздің негізгі кірісіңіз жеткіліксіз болып жатса, қосымша табысты қосып есептей аласыз.

Негізгі кіріске жататындар:

Айлық жалақы. Жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс. Өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс. Тұрғын үй төлемдері. Шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда).

Қосымша кіріске жататындар:

Зейнетақы аударымдары, экологиялық төлемдер. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді.

«Ұмай» әйелдер ипотекасы

«Ұмай» ипотекасын тек әйелдер ала алады, себебі, Нұрсейіт Мұратовтың айтуынша, статистика бойынша, 35 жастан асқан әйелдер ипотеканы көп рәсімдейді және олар жауапкершілікпен қарайтындар санатына жатады.

Бұл ипотеканың негізі шарттары:

• Отбасы табысы 320 мыңнан аспауы керек
• Алғашқы жарна 0 ден 20 пайызға дейін, ол табыс көзі мен таңдалған үйдің бағалануына байланысты
• Заем 13 жылға дейін беріледі
• Жылдық пайыздық мөлшерлеме — 12 пайыз (қазіргі уақытта өзгеруі мүмкін)
• Екі нарықтан да үй қарасытруға болады
• Табыс көзі соңғы 6 айға расталуы керек

Маманның айтуынша, Отбасы банкіндегі пайыздық мөлшерлемесі ең жоғары бағдарлама осы. Алайда талаптары бойынша өзге банктермен салыстырғанда жылдық пайызы аз.

7-20-25 мемлекеттік бағдарламасы

7-20-25 — Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған әлеуметтік бағдарлама, ол тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін Елбасы тапсырмасы аясында әзірленген.

7-20-25 бағдарламасының операторы — «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ. Бұл бағдарлама аясында несие аламын деушілер қормен ынтымақтастық туралы келісімі бар серіктес-банктерге жүгінуі тиіс. Олардың тізімі мына сайтта.

«7-20-25 бағдарламасының несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі — 7,2 пайыз. Бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй құнының 20 пайызы және одан жоғары мөлшерінде белгіленеді. Бағдарламамен Нұр-Сұлтан, Алматы (шекаралас аймақтарды қоса алғанда), Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында 25 миллион теңгеге дейін тұрғын үй қарастыруға болады, ал Қарағанды қаласы үшін 20 миллион теңге және басқа өңірлер үшін 15 миллион теңге. Қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұлғайтылды. Қарыз алушыдан қарызды беру және қызмет көрсету үшін комиссия алынбайды», — дейді сарапшы.

Жеке тұлға 7-20-25 бағдарламасы бойынша қарыз алу үшін мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

• Қазақстан Республикасының азаматтығы;
• Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы;
• Расталған еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы;
• Ипотекалық кредиттерінің болмауы.

«Алматы жастары», «Елорда жастары» және «Әскери баспана»

Маман 35 жасқа дейінгі жастарға арналған «Алматы жастары» және «Елорда жастары» жеңілдетілген несие беру бағдарламалары биыл да ашылатынын айтты. Конкурс арқылы өтетін бұл бағдарламалардың әзірге талаптары белгісіз екен. Ал «Әскери баспана» бағдарламасы бюджеттен ақша бөлінгеніне қарай жылына 1-2 рет өтеді.

Үй алуға алғашқы жарнасы жоқ адамдар не істейді?

Нұрсейіт Мұратовтың сөзінше жылжымайтын мүлкіңді кепілге қойып та тұрғын үй алуға болады.

«Алғашқы жарна болмаса, өз үйін қосымша кепілге қойып, ипотека алуға мүмкіндік беретін бірнеше банк бар. Мысалы, Halyk банкінде мүлкіңізді кепілге қойып 13 пайызбен жаңа және қайталама нарықтан үй ала аласыз. Бірақ табыс көзін міндетті түрде растау керек. Сосын табыстың шамамен 40 пайызы ғана ипотека жабуға арналуы керек», — дейді ол.

Жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді

Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік осал топтарға жалға алып отырған тұрғын үйінің 50 пайызын үкімет төлейтіндей көмек тетігін әзірледі. Яғни жалға алу құнының 50 пайызын мемлекет, қалған 50 пайызын жалға алушы төлейді. Жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден төмен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға беру ұсынылды.

Олар:

• көп балалы отбасылар,
• 1 және 2 топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар
• ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады.
• Жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді: топ-7 сұраққа жауап

Бағдарлама 2022 жылдың мамырынан бастап жүзеге асады. Оператор — Отбасы банк.

Алаяқтарға сан соқтырмаудың қандай жолы бар?

Тұрғын үй сарапшысы Нұрсейіт Мұратовтың сөзінше, көп адам делдалдарға сеніп, ақша беріп алданып, сан соғып қалады. Осындайды болдырмау үшін Отбасы банкінде кеңесшілер желісі жұмыс істейді екен. Маманның сөзінше, олар адам депозит ашқаннан бастап үй алғанға дейін жетелеп, кез келген өзгерістер бойынша көмек көрсетіп, кеңес береді.

«Отбасы банкінің» кеңесшілері ресми делдал деуге болады. Олар клиенттерден ақша алмайды. Алматының өзінде 200-ге жуық кеңесші бар. Өзге жеке банктерде де өз кеңесшілері болады, олардан онлайн немесе бөлімшеге барып ойыңыздағы барлық сұрақты қойып алуға болады. Жалпы кеңесім, клиенттер екі-үш банкті аралап, толық анализ жасап, жеке кеңесшілермен ақылдасып барып үй алғаны дұрыс. Олардан қалай алданып қалмау керегін, қандай құрылыс компаниясын таңдау керегін сұрастырған абзал», — дейді маман.

«Үй мәселесіне жеңіл қарауға болмайды. Жолын білсе ешкімге ақша берудің қажеті жоқ. Барлық жерде бәсеке жоғары. Банктер клиенттерге бар жағдайды жасаған, онлайн-офлайн», — деп қосты ол.

Үйді тиімді алудың жолы қандай?

Маман тұрғын үй алуды 40-50 жаста емес, 20 жастан бастап ойлану керегін айтты.

«Жастар табыс таба бастаған күннен бастап Отбасы банкінен депозит ашып, сол жерге табысының 10-20 пайызын салып үйренуі керек. Мемлекеттік қызметке кіргенде алты айдан кейін кезекке тұрып, ақша жинай берсін. Бізде көп адам жүріп-жүріп уақыт оздырып алады, үй алу керек кезде 18 пайызбен стандарт ипотека ала салады. Оны төлеудің өзі оңай емес, банктер бірге бір қосып береді. Судың да сұрауы бар. Тегін бергендей үй алғанға қуанып, ертең төлей алмай отбасы ажырасып жатқан жағдайлар бар. Сол себепті жоспар құрып, алдын ала ойланған дұрыс», — деді ол.

Автор: Корреспондент

Читайте также

2023 жылдан бастап зейнетақы мөлшері қалай өзгереді?

Зейнетақының ең жоғары мөлшері 100 пайыздан 120 пайызына дейін кезең-кезеңімен арттырылатын болады. 2023 жылдың 1 …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.