Хабар

Қазақстанда жер қатынастары саласында бизнеске қойылатын талаптар қысқартылады

Қазақстанда жер қатынастары саласында бизнеске қойылатын талаптар қысқартылады. Талаптарды қайта қару жөніндегі жұмыс тобы 16 НҚА-дағы 174 талапты зерттеген соң осындай қорытындыға келді, деп жазады atameken.kz.

Еске салсақ, жұмыс тобына Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Атамекен» ҰКП және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кірді. Жұмыс тобы жер қатынастары саласында «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша бизнеске қойылатын талаптар тізілімін қалыптастыру жұмысын аяқтап жатыр.

«Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжанның айтуынша, кейбір талап алынып тасталса, кәсіпкерлерді қызметі біршама жеңілдеп қалады.

«Бұған дейін әкімдіктің шешімі бойынша қалаға қосылған ауыл шаруашылық жерлердің иелері жердің нысаналы мақсатының өзгеруіне және ауыл шаруашылық өндірістің жоғалғаны үшін ақы төлейтін. Жақын арада бұл талаптар жойылады», – деді Ернұр Әбжан.

Спикер мемлекетттен жер учаскесін алу процедуралары да жеңілдейтінін айтты. Енді іргелес жатқан учаске иелерінің келісімін алу қажеттілігі болмайды. Бұл процедура жер алудың соңғы кезеңіне ауыстырылады, яғни жергілікті жерде учаскенің шекараларын белгілеу кезінде жүзеге асады.

Еске салсақ, «таза парақтан» реттеу – кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуге деген тәсілдеме. Мұндай реттеу адамдардың өмірі мен денсаулығына, экожүйелер мен құқықтық тәртіпке объективті түрде қауіп төнген жағдайларда ғана шектеледі. Бұл тәсіл мемлекеттік органдарды бизнеске қойылатын талаптарды дәлелді, іс жүзінде орындалатын, қолжетімді баяндалған және екі түрлі түсіндіруге жол бермейтін тұжырымдауға міндеттейді.

2021 жылдың 30 желтоқсанында Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР-да кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясатты енгізуге қатысты заңға қол қойды. Мемлекеттік бақылаудың жаңа формасы тексеруден –профилактикалық шараларға көшуді қамтиды. Үкіметке мемлекеттік органдардың бизнеске қойылатын талаптарын қысқарту мақсатында тәсілдерді сапалы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button