Хабар

Қазақстанда жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді қалай алуға болады

2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанның 33,5 мың тұрғыны мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алды, бұл ретте 14,3 мың адамға осы жылы алғаш рет төлем тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

– eGov.kz порталында авторизациялану;

– «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

– онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

– бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

– егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button