Хабар

Қазақстанда жұмысы бар адамдардың өзі неге кедей? Еңбек министрі жауап берді

Тамара Дүйсенова табысы аз жұмысшыларды қайта даярлау бойынша мемлекеттік бағдарламалар бар екенін еске салды.

Сенат кулуарында журналистер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновадан Қазақстандағы “жұмыс істейтін кедейлер” туралы пікірін сұрады. Журналистердің айтуынша, бұл санаттағы азаматтар табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды, қаражат жинамайды және қосымша шығындарды көтере алмайды. “Қазақстанда жұмыс істейтін адам қалай кедей болуы мүмкін? Бұл мәселені қалай шешуге болады?” деп сұрады журналист.

“Бізде ең төменгі жалақы алатындар да, статистикалық мәліметтерде айтылып жүрген орташа жалақыны алмайтындар да, 80-90 мың теңге айлық алатындар да бар. Егер ол көпбалалы отбасы болса, адам жұмыс істесе де, АӘК алушы болуы мүмкін. Біз проблемалы және көпбалалы отбасылар туралы үнемі айтамыз. Егер ондай отбасында анасы мен әкесі төмен жалақыға жұмыс істесе, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болуы мүмкін. Мұндай отбасы жоқ деп айтуға болмайды. Бар. Біз бұл отбасыларға АӘК береміз”, – деді министр.

Министр бұл үшін қайта даярлау бойынша көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар екенін еске салды.

“Жұмыс таба алмаған жастарды бір жылдық өндірістік тәжірибеге немесе әлі білімі жоқ, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасынан болса, бірінші жұмыс орнына жібереміз. Бірінші жұмыс орнын бір жарым жылға дейін ұзарттық. Сондай бағдарламалар бар. Оларды халықты жұмыспен қамтуды қолдау және ынталандыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар деп аталады”, – деді министр.

Тамара Дүйсенова жұмыспен қамту шараларына 150 мыңнан астам жас қатысқанын, 70 мыңға жуық жас тұрақты жұмысқа орналасқанын атап өтті.

“Егер адам өзіне және отбасына қажетті тұрақты жұмыс пен ай сайынғы жалақыға қол жеткізсе, бұл бағдарламалардың тиімділігінен деп ойлаймын. Ертең бұл адамдар жұмыссыз қалды деп айтпаймыз. Мемлекеттік қолдауды тек мемлекет қана емес, осы көмекті алатын адамдар да тиімді пайдалануы керек”, – деп қорытындылады министр.

Еске салайық, 2022 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда жалданып жұмыс істейтін азаматтар саны 6,7 млн адамды құрады. Оның ішінде 1,86 миллионнан бастап 2,3 миллионға дейінгі қазақстандықтың жұмысы болса да, тапқан табысы қажеттілігін өтеуге жетпейді. Осы жөнінде ҚХП фракциясының депутаттары премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, “жұмыс істейтін кедейлер” жағдайын жақсарту үшін бірқатар шара қолдануды сұраған болатын.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button