СпортХабар

Қазақ спортшыларының киімі ХОК мәдени мұрасына енді

18 мамыр күні Лозаннада Бейжің Олимпиадасында Қазақстан құрамасының Ту ұстаушылары Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың ашылу салтанатындағы формаларын Олимпиада мұражайына ресми түрде табысталды.

Экспонаттарды «Халықаралық Олимпиада комитетінің мәдени мұрасы» жинағына тапсыру туралы ХОК президенті Томас Бах қол қойған тиісті сертификат Қазақстан ҰОК-не табысталды.

Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында қазақстандық шеберлердің туындысы көптің назарына бөленіп, үздіктердің бірі деп танылды. Қазақстанның Туын ұстап шыққан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькиші Екатерина Айдованың киімі халықаралық олимпиада қауымдастығын таң қалдырған.

Әлемдік БАҚ қазақстандық дизайнерлер жасаған образға тәнті болды. Британдық беделді The Guardian газеті Ойындардың ашылу салтанатынан кейін: «Қазақстан костюмдер байқауында жеңіске жетті», деп жазды. Америкалық The Insider басылымы «Екатерина Айдова классикалық алтын әшекейлермен безендірілген киімімен таң қалдырды» деп мойындады. Сонымен қатар азиялық БАҚ, соның ішінде Жапонияның жетекші ұлттық газеті «Уомиури» де баса назар аударып, «Токиодағы Олимпиададан кейін қазақстандық Ту ұстаушылардың әдемі киімдері Бейжіңде ең көп талқыланған тақырыпқа айналды» деп атап өтті.

Қазақтың хас батыры образында шыққан Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың көйлегінде бейнеленген сақ патшайымы Томирис бейнесіне жоғары баға берілгенін растай отырып, Олимпиада мұражайы костюмді «Халықаралық Олимпиада комитетінің мәдени мұрасы» топтамасына енгізуді және оны табыстау барысында салтанатты рәсім ұйымдастыруды ұсынды.

Осы сәттен бастап Қазақстанның Ту ұстаушысыларының киімдері ұйымның штаб-пәтері орналасқан швейцариялық Лозаннадағы ХОК бас мұражайы – әлемдік олимпиадалық қозғалыстың «қазына қорларына» келушілердің назарына ұсынылатын болады. Мұражай жұмысын 1915 жылы бастаған, 30 жылға жуық тарихы бар. Қазір мұражайда ойын тарихының мыңдаған құнды экспонаттары сақталған. Жыл сайын оларды көруге әлемнің түкпір-түкпірінен 500 мыңнан астам адам келеді. ХОК Мәдени мұра департаменті Олимпиада ойындарының тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, бүкіл әлемнің спортшыларын біріктіреді.

Спортшылардың салтанатты ашылу рәсімінде киген киімдері ұлттық құндылықты, мәдениетті дәріптеуді көздей отыра дайындалған болатын. Алтын өрнек күнді бейнелейді, ал «қошқар мүйіз» декоры қоршаған әлеммен үйлесімділікті, өмірге ұмтылысты, құнарлылық пен молшылықты бейнелі түрде көрсететін гүлді оюмен үйлеседі. Ерлер киімінің негізгі элементіне айналған қалқан батылдық пен қайсарлықтың, күштің символын көрсетеді.

Дизайнерлер Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатының қарсаңындағыдай Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайымен бірге ою-өрнек элементтерімен де жұмыс істеді.

Костюмді қазақстандық дизайнер Виолетта Иванова дайындады. Ол өткен жылы Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның Ту ұстаушыларының образдарымен жұмыс істеген. Viled Group компаниясы костюмдерді тігу үшін Иванованың дарынды командасын ұсынды, ал дизайнер мен оның шеберлері кезекті рет жауапты тапсырманы тамаша орындап шыққан.

– Спорт пен сән одағы әлдеқашан әлемдік подиумдарды бағындырды. Тиісінше, Олимпиада ойындарында сән әлеміне де қатысты тұсаукесерлер өтеді. Әрбір қатысушы ел бірегей топтама дайындайды. Біз жай ғана әдемі костюмдерді тігіп қана қоймай, оны мүмкіндігінше мағыналы етуді көздедік. Біз Қазақстан халқының әрдайым жанданғанын, құлпырғанын көргіміз келеді. Сондықтан ою-өрнектің негізі – ең бастысы өмірлік қуат көзі – Күн және жеңімпаздар киетін алтын түс таңдалды. Қара түс – тереңдік пен даналықты білдіреді, сонымен қатар ол «қара шаңырақ» – жүздеген жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан уақыт өткен сайын қарайған шаңыраққа да қатысты. Біздің ателье үшін Қазақстанның Олимпиада құрамасымен жұмыс істеу зор мәртебе және есімізде мәңгі қалатын болады, – деп бөлісті шебер Виолетта Иванова.

Рәсімге ХОК өкілдері Оливье Ниямки және Эдвард Кенсингтон, сондай-ақ қазақстандық сыйлықты қабылдаған Олимпиада мұражайының өкілі Патрисия Рэймонд қатысты. Экспонаттарды олимпиадалық спортшы Екатерина Айдова музейге сыйға тартты.

– Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына Абзал Әжғалиев екеуміз аяқ басқан сәттен бастап алғашқы минуттардан-ақ бар назардың киімдерімізге ауғанын түсіндік. Әріптестеріміз бен көрермендердің бізге деген көзқарасы киім образымыздың ерекше екенін дәлелдей түскенін түсіндік. Уайымдадық, сонымен қатар мақтаныш пен таңданыс та болды. Шеберлер ұжымы шедевр жасады деп есептеймін. Біздің мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміз лайықты түрде ұсынылғанда, сіз ерекше мақтаныш пен қолдау сезінесіз. Бүгін мен тағы да толқып отырмын, өйткені енді біз киген керемет костюмдер әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды қазақ халқының қайталанбас салт-дәстүрлерімен және тарихымен таныстыруды жалғастырады, – деді Екатерина Айдова.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button