Хабар

Қарағандыда майталман спортшылар марапатталды

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған бір топ спортшы мен жаттықтырушыны қабылдап, оларға Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етті, деп жазады egemen.kz.

Тұңғыш Президент күні мерекесі және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған бұл іс-шараға 20 боксшы мен балуан және 10 бапкер қатысты. Саңлақ спортшылар арасында Азия чемпионатының жүлдегерлері Эльмира Сыздықова, Ерұлан Ысқақов, Андрей Самохин сынды балуандар, жастар арасындағы әлем чемпионы Сабыржан Ақхалықов, Азия чемпионы Милана Сафронова, әлем чемпионатының жүлдегерлері Жасмин Қизатова, Рүстем Шауменов сияқты боксшылар және басқа да шебер спортшылар болды. Сондай-ақ, әкіммен болған кездесуге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Ерден Халилин және спорт мектептері мен федерациялардың басшылары да қатысты.

Облыс әкімі Қарағанды облысының ел спортының даңқын халықаралық ареналарда паш етіп жүрген саңлақ атлеттерді даярлау жағынан мектебі мықты көшбасы өңір саналатынын атап өтті.

“Біздің облыстан шыққан спортшылардың есімдері Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал. Тәуелсіздік жылдарында жеті бірдей спортшымыз әлемдік жарыстардың жеңімпаздары – олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері атанды. Ең бірінші кезекте, уақытпен санаспай, шәкірттерін сан қырлы шебер етіп даярлап шығарған бапкерлерге ерен еңбектері үшін алғыс айтқым келеді”, – деді Ж.Қасымбек.

Облыс әкімінің марапатын алғашқылардың бірі болып бокстан Ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының үш мәрте қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов алды. Талантты боксшы алдағы дүбірлі додаларда Қарағанды облысының намысын қолдан бермеу жолында аянып қалмайтындықтарын мәлімдеді.

 

Кездесуге қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі мен бокс федерациясының президенті Асылбек Дүйсебаев Тәуелсіздік жылдары өңір спортшыларының үнемі жүлделі орындарға ие болып жүргенін мақтанышпен атап өтті.

“Бүгінде бокс немесе күрестен өткен бірде-бір ірі халықаралық жарысты Қарағанды спортшыларынсыз көз алдымызға елестете алмаймыз. Біздің міндетіміз – бұл деңгейді сақтау ғана емес, оны әрі қарай арттырып, дамыта беру. Облысымызда күрес пен боксқа қашанда көңіл айрықша бөлінген, бөлініп келеді және алдағы уақытта да бөліне беретін болады”, – деді А.Дүйсебаев.

Қарағанды облысында спорттың бокс және күрес түрлері жүйелі түрде дамып келеді деп сеніммен айтуға болады. Қазіргі таңда өңірде үш мыңнан астам спортшы бокспен айналысады. Оның ішінде 21 былғары қолғап шебері Ұлттық құрама команданың сапында өнер көрсетіп жүр. Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде және Жоғары спорт шеберлігі мектебінде дайындалатын чемпиондардың шеберлігін 88 жаттықтырушы-оқытушы ұштайды.

Ал облыста күрес түрлерімен 82 жаттықтырушының қарамағында 2 600 атлет тұрақты айналысады. Бұлардың арасындағы 48 балуан Ұлттық құрама командаға мүше болып кірген.

Кездесудің соңына таман Жеңіс Қасымбек пен спортшылар арасында бейресми тұрғыдағы емін-еркін әңгіме өрбіді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыс басшысына өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button