Хабар

Қарағанды университетінде әскери кафедра ашылды

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде әскери кафедра ашылды. Жаңа оқу жылынан бастап кафедраға студенттер қабылданады. Талай жылдан бергі орындалмай келе жатқан асқақ армандарының бірі жүзеге асқанына студенттер қауымы ерекше қуануда. Бұл туралы “Орталық Қазақстан” хабарлады.

Оқу барысында студенттер теориялық білімдерін практикамен ұштастыра алады. Курстың соңында олар тактикалық-техникалық дайындықтың жоғары деңгейіне ие болады. Жігіттер өздерін әскердегідей сезініп, тәртіпке бағынып, жас сарбаз курсын аяқтайды. Студенттердің әскери дайындығында басты назар адамгершілік, кәсіби-жауынгерлік, психологиялық, физикалық сапаларын қалыптастыру мен дамытуға, далалық дайындыққа, өз міндеттерін ойдағыдай орындау үшін қажетті командалық-әдістемелік дағдыларды дамытуға аударылады. Оқытушыларға үлкен жауапкершілік жүктелетіндіктен, жоғары білікті мамандарды даярлау деңгейі олардың біліктілігімен өлшенеді. Олар елдің бірлігін нығайтуға күш салып, мемлекеттің тыныштығын сақтап, сыртқы жаулардың шабуылынан қорғайтын Отанына адал, әскери және мемлекеттік құпияны сақтай алатын, жоғары білікті, өнегелі, тәртіпті запастағы офицерлерді даярлайды. Студенттердің бойындағы бұл қасиеттер олардың әскери кафедрада оқу жиындары кезінде алған теориялық білімдері мен практикалық дағдылары негізінде қалыптасатын болады.

Сабақ кезінде студенттердің арнайы нормативтерді орындауына көңіл бөлінеді. Нормативтерді орындауға жаттығу уақытын әскери кафедра бастығы анықтайды. Оқу-тәрбие процесі кезінде оқу және тәрбие біркелкілігі принципі қатаң ұсталмақ. Ол нақты ұйымдастырумен, жоғары тәртіпті қамтамасыз етеді. Әскери дайындық сабақтары әскери күн әдісі бойынша аптасына бір рет өткізіледі, яғни, 6 сағат негізгі сабақ және 2 сағат өзіндік дайындық. Оқу апталарының саны ЖОО оқу үдерісінің бекітілген кестесімен анықталады. Әскери дайындық күні мерекелік күндермен сәйкес келіп қалған жағдайда және оқу үдерісі кестесінде көрсетілген уақытқа сай оқу бағдарламасының жоспарын орындау үшін негізгі сабақтың сағаттар санын өсіруге болады. Әр аптада өзіндік дайындық сағаттарын жоспарлау мүмкін болмаған кезде дайындық тапсырмалары келесі аптаға дейін орындау үшін беріледі. Әскери бөлімнің қару-жарақтары мен әскери техникаларымен таныстыру сабағы әскери бөлімдерде өткізіледі, – дейді ҚарУ-дың ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Бүгінде кафедраға лайықты Қарағанды университетінің материалдық-техникалық базасы мен кадр құрамы жасақталған. Әскери кафедраның ашылуы университеттегі сұранысқа ие мамандықтардың санын көбейтіп қана қоймай, отансүйгіш мамандарды даярлап шығарады. Қорғаныс саласына жоғары білімді, білікті, жан-жақты азаматтарды тарту еліміздегі күн тәртібіндегі мәселенің бірі болғандықтан, студент жастардың бойында патриоттық қасиеттерді қалыптастыру – маңызды.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button