Хабар

Қарағанды саябағында мозаикалық мүсіндер қалпына келтірілді

Орталық саябақтағы тарихи мозаика өзінің алғашқы көрінісін тапты. Нұрлан Смағұлов қорының қаржылай қолдауымен «Нептун патшалығы» мен «Отбасы» мүсіндері қалпына келтірілді. Жобаны Қарағанды облысының әкімдігі де қолдады, ал урбанистика орталығы бастамашы болды.

Аталмыш саябақ мүсіндері ұзақ уақыт жөндеуді қажет етті. Жабынның тұтастығы бұзылды, смальта бойымен жарықтар пайда болды, тұғырлар қирады, блоктардың арасынан өсімдіктер өніп шыға бастады.

Қалпына келтіруге кіріспес бұрын қызметкерлер мүсін авторларының жазбаша келісімін алды. Қалпына келтіруге мозаика авторларының бірі Виктор Арент қатысты. Смальтаның түпнұсқасы, сондай-ақ алдын-ала жасалған смальта элементтері қолданылды. Тұғырларға күрделі жөндеу жүргізілді.

Мүсіндердің өздері ғана емес, сонымен қатар аумақтары да ретке келтірілді. Шамдар орнатылып, қырлы тас төселді, тротуар жолдар салынды. Сондай-ақ, гүлзар құрылды, ағаштар отырғызылды, айналасына көгал шөп егілді. Автоматты түрде суару жүйесі орнатылды. Жақын маңдағы ағаштар да ретке келтірілді – олардың жанында жиек тастардан гүлзарлар жасалды. Әрбір мүсіннің жанында QR-коды бар ақпараттық тақтайша орнатылды.

“Мозаика қарағандылықтар үшін ерекше мұра, естелік ретінде өте маңызды нысан. Қарағанды – монументалды өнердің саны мен сапасы жағынан ең бай облыс. Біз оны есте сақтап, мақтануымыз керек. Бұл біздің қарағандылық екенімізді білдіреді. Жақын арада урбанистика орталығының сайтында облыстың барлық мозаикасы бойынша қысқаша сипаттамасы бар карта орналастырылады”, – дейді Қарағанды урбанистика орталығының суретшісі және жетекшісі Шыңғыс Қасымов.

Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button