Хабар

Қарағанды облысында жылыжай ұстайтын кәсіпкер күніне бір тонна қияр жинайды

Күн сайын дерлік кәсіпкер Батыр Дәрменов Қарағанды нарығына өз қолымен өсірілген қияр сатады. Оның Бұқар Жырау ауданы Трудовой ауылында екі жылыжайы бар.

Батыр Дәрменов Өзбекстанда дүниеге келген. 2006 жылы Қарағандыға көшіп келіп, «Шығыс» базарында көкөніс пен жемісі сатушы болып жұмыс істей бастаған. Уақыт өте келе ол өз бизнесін бастау туралы шешімге келеді.

«Мен өз-өзіме жұмыс істегім келді. Интернеттен жылыжайда көкөністерді қалай өсіруге болатынын меңгере бастадым, достарымнан сұрадым. Менің достарымның Шымкентте жылыжайлары бар. Бірақ, Қарағанды облысындағы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 2018 жылы осы жерде бизнес ашуға бел будым», – дейді Батыр Дәрменов.

Бастапқыда кәсіпкер 2,25 га жерді жалға алған. Аграрлық несие корпорациясы жобаны қаржыландырды. Ал Батыр жергілікті шаруа қожалығынан қарыз алды. Осылайша жарты гектарға алғашқы жылыжайдың құрылысы басталды. Бизнесін жаңа бастаған кәсіпкер оны тамшылатып суарудың автоматты жүйесімен жабдықтап, екі жылыту қазандығын орнатты.

Өнімге сұраныс жоғары болғандықтан Батыр екінші жылыжайды салған. Тағы да несие алуға тура келді. Ковидтік шектеулер көптеген қиындықтар әкелді. Бірақ 100 сотыққа жуық тағы бір жылыжай салынды. Дегенмен ол осы жылдың басында ғана іске қосылды.

«Бүгін мен танто сортының қиярын өсіру үшін гидропоника мен минералды жүнді де қолданамын. Тұқым түрін де кездейсоқ таңдаған жоқпын. Танто – өнімділігі жоғары және дәмі жақсы ерте пісетін гибрид. +5-6 градуста 20 күнге дейін сақталады. Мен ең алдымен адамдар үшін жұмыс істеймін, сондықтан олардың үстеліне жақсы сапалы өнімдер келеді. Мен ештеңені үнемдемеймін – суаруға да, жылыжайларда қажетті климат құруға барынша қаражат жұмсаймын», – дейді көкөніс өсіруші.

Жылыжайлардағы көшеттер жылына екі рет отырғызылады, ал өнім жылына 8–9 ай жиналады. Қыста күніне бір тоннаға дейін қияр жинауға болады. Жылыжайларда маусымға байланысты 20-дан 25 адамға дейін жұмыс істейді.

Өнімнің негізгі бөлігі Қарағандыда көтерме сатып алушыларға сатылады. Бірақ клиенттер Астана, Павлодар, Петропавл қалаларынан да келеді.

«Екі жылыжайда жылына 400–450 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл жолы суық өте ерте түсті, сондықтан не болатынын білмейміз. Ең бастысы – жер бар. Жаңа жылыжайлар мен көшеттерді өсіруге арналған бөлек бөлме салу жоспарлануда. Қызанақ отырғызу идеясы бар, бірақ бәрі қаржыға кеп тіреледі. Әзірге аяғымызға мықтап тұрғымыз келеді», – дейді Батыр Дәрменов.

Дереккөз: inform.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button