Новости

«Өкінішке қарай, мен жар іздеп келген жоқпын»: Павел Дуров Астанаға келіп, жасанды интеллект зертханасын іске қосты

Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық форумына Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров арнайы қатысты. Ол өз сөзін әзілмен бастап, Қазақстанға жар іздеп емес, жасанды интеллект жөнінде сөйлесу үшін келгенін айтты. Бұл қалжыңы форум қатысушыларының көңілін көтеріп, залда күлкіге себеп болды.

Дуров өз сөзінде Қазақстанның цифрлық даму бағытына жоғары баға беріп, жасанды интеллект саласындағы жобаларға ерекше қызығушылық танытатынын жеткізді.

– Көптеген адамдар маған Қазақстанға келіп, жар табуға болатынын айтқан. Бірақ, өкінішке қарай, менің мақсатым бұл емес. Мен мұнда жасанды интеллект туралы пікір алмасуға келдім, – деді кәсіпкер.

Сондай-ақ ол Қазақстанда жасанды интеллектке арналған жаңа зертхананың ашылғанын хабарлады.

– Бір жыл бұрын біз елімізде алғашқы өңірлік кеңсемізді аштық. Енді Alem.ai ғимаратында жасанды интеллектке бағытталған зертхана іске қосылып отыр. Бұл жобада біз Қазақстанның ЖИ министрлігі құрған суперкомпьютер кластерімен бірлесіп жұмыс істейміз. Аталған технология Telegram қолданушыларына деректердің құпиялығын сақтай отырып, тиімді ЖИ функцияларын ұсынуға мүмкіндік береді. Болашақта қазақстандық кластер осы жүйенің негізгі есептеу қуатын жеткізушіге айналады деп үміттенеміз, – деді Павел Дуров.

Оның айтуынша, бұл жаңашыл технология Telegram-ның 1 миллиардтан астам қолданушысына қолжетімді болады.

ЭКСПО аумағында өткен форумның панельдік сессиясында Дуров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Венгрия Президенті Тамаш Шуйокпен және өзге халықаралық сарапшылармен бірге сөз сөйледі. Кездесу барысында цифрлық даму, жасанды интеллект және халықаралық ынтымақтастық мәселелері қозғалды.

Айта кетейік, бұған дейін Павел Дуров қазақстандық ауыл мектептерінің оқушыларымен де кездескен болатын.

Проверьте также
Close
Back to top button