Хабар

Әскери колледж кадеттерді оқуға қабылдауды бастады

Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжіне оқуға қабылдау басталды, онда еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына алынатын кәсіби сержанттар даярланады.

1996 жылдан бастап оқу орны республиканың Қарулы Күштері мен басқа да күштік құрылымдарында сәтті қызмет атқарып жүрген 3000-ден астам кәсіби сержантты дайындады. Жыл сайын орта есеппен бір жарым мың жас колледжге түсуге үміткер болады. Өткен жылы 240-тан астам адам кадет атанды.

Колледжде оқу тегін, сондай-ақ кадеттер тұратын орынмен, тамақтану және заттай мүлікпен қамтылады. Оқу мерзімі – бір жыл он ай.

Колледжге түсуге ниет білдірген азаматтар оқуға түсер жылы 17 жасқа толып, 22 жастан аспауы керек. Мерзімді әскери қызметін өткерген және келісімшартпен әскери қызметтегілерді 24 жасқа дейін қабылдайды.

Бұл оқу орны әскерге кәсіби сержанттар дайындайды. Оқуға түсу кезінде аттестаттың орташа балы есепке алынады, ол кемінде үш деп бағалануы тиіс. Сондай-ақ медициналық куәландырудан өту, дене дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру, психологиялық тестілеу қажет. Колледжді бітірген түлек әскери мамандық алып, жүз пайыз кепілдікпен жұмысқа орналаса алады, – деп түсіндірді колледж өкілі үшінші сыныпты сержант Еркебұлан Серікбаев.

Оқу процесінде әрбір кадетпен Қарулы Күштерде сержанттар құрамы лауазымдарында әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасалады. Кадеттер әскери бөлімдерде бөлімше команждирлері лауазымдарынан бастап, Қарулы Күштердің бас сержантына дейін мансаптық жолмен өсе алады.

Әскери колледж Щучинск қаласында орналасқан. Оның ғимараттары мен жоғары санатты оқытушылар құрамы бар. Дипломнан бөлек кадеттер үшінші сыныпты БМП механик-жүргізушісі және “В”, “С” санатындағы автомобиль жүргізушісі куәлігін алады.

Оқуға түсу үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына жүгіну қажет.

Ақпарат көзі: massaget.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button