Новости

«Қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят»: Тоқаев азық-түлік нарығындағы импортқа тәуелділікті азайтуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Үкіметтің басты стратегиялық мақсаттарының бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда агрохабтар мен логистика инфрақұрылымын дамыту – аса өзекті мәселе. Бұл бағытта шетелдік инвесторлармен тиімді әріптестік орнату маңызды. Алайда отандық кәсіпкерлер заман талабына сай болуға тиіс.

«Жасанды интеллектіні меңгермей, заманауи технологияны пайдаланбай, бәсекеге қабілетті серіктестік құру мүмкін емес», – деді Президент.

Тоқаев мал шаруашылығына ерекше назар аударуды тапсырды. Бұл салада нақты қолдау шаралары қолға алынып, агробизнесті қаржыландыру тетіктері әзірленуі тиіс. Мақсат – ішкі нарықты сапалы ет өнімдерімен толық қамтып, экспорттық әлеуетті арттыру.

«Азық-түлік бойынша шетелге тәуелділік – Үкімет шешуге тиіс басты түйткілдердің бірі. Толық өзін-өзі қамтамасыз ете алмасақ та, қазіргі ахуал көңіл көншітпейді», – деді Президент.

Ол ұлттық тағам өнімдерін сыртқы нарыққа белсенді түрде шығарудың маңыздылығын атап өтті. Бұл үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі басқа да тиісті органдармен бірлесіп, экспортты дамытудың нақты жоспарын дайындауы қажет. Жоспарда логистика, ветеринария, фитосанитарлық талаптар және маркетинг стратегиясы қамтылуы керек.

Сонымен қатар, Президент Еуразиялық экономикалық одақ аясында әділ сауда талаптарын ұстану қажеттігін ескертті.

«Үкімет отандық өндірушілердің мүддесін қорғап, Еуразия кеңістігінде тең мүмкіндіктерді талап етуі керек. Ал депутаттар заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуі тиіс», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлері, әсіресе сүт өнімін өндірушілер, одаққа мүше кей елдердің шаруаларымен салыстырғанда мемлекеттік қолдаудан қағылып отырғанын айтып, бұл жағдайдың отандық нарықта бәсекеге қабілеттілікті төмендетіп отырғанына назар аударды.

Статьи по теме

Back to top button