
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде жаңа стадиондар құрылысының барысына тоқталды. Министрдің айтуынша, Алматы қаласында жаңа стадион салу жоспарда бар.
«Қазіргі уақытта жеті қалада стадиондар салуға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Қызылордада УЕФА-ның үшінші санатына сай келетін стадион құрылысы аяқталуға жақын, оны күзде пайдалануға беру көзделіп отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, стадиондар салу жұмыстары басталып кетті», – деді Ербол Мырзабосынов.
Сонымен қатар, министр жобалау кезеңі аяқталған соң, бұл нысандардың мемлекетке түсетін нақты шығыны анықталатынын атап өтті.
«Президент шетелдік жеке клубтардың тәжірибесін мысал етіп, стадиондарды мемлекеттік бюджеттен қаржыландырмау міндетін қойды», – деді ол.



