
Қазақстанның төрт облысында қыз алып қашу фактілері бойынша тергеу жүргізілуде
Бас прокуратура жаңа қылмыстық баптар бойынша алғашқы істер жайлы ақпарат берді.
Қадағалау органы Қылмыстық кодекске сталкинг үшін жауапкершілік қарастырылған жаңа 115-1-баптың енгізілгенін мәлімдеді. Бұл қадам жеке өмірге қол сұғатын, бірақ күш қолданусыз жасалатын әрекеттердің алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында жүзеге асқан.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енген жаңа нормалар аясында сталкингке қатысты алғашқы екі қылмыстық іс Атырау және Павлодар облыстарында тіркелді.
Аталған бап бойынша келесі жазалар қарастырылған:
-
200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл,
-
не осы мөлшерде түзеу жұмыстары,
-
не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту,
-
немесе 50 тәулікке дейін әкімшілік қамау.
Сонымен қатар, әйелдердің құқықтарын қорғау шараларын күшейту мақсатында Қылмыстық кодекске неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген жаңа 125-1-бап қосылды.
Егер әйел адам ұрланып, күш қолдану қаупі немесе мүлкіне зиян келтіру арқылы неке қиюға мәжбүрленсе, кінәлі тұлғаға:
-
2000 АЕК-ке дейін айыппұл,
-
немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары,
-
не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу,
-
немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ал егер мұндай әрекеттердің салдарынан абайсызда ауыр зардаптар келсе, кінәлі тұлға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Неке қиюға мәжбүрлеу бойынша алғашқы істер Шымкент қаласы, сондай-ақ Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Айта кетерлігі, кейбір істерде жәбірленушілер кәмелетке толмағандар болған.
Барлық аталған істер бойынша тергеу жалғасуда және прокуратура органдарының тікелей бақылауында.
