
Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзушыларды анықтау үшін жасанды интеллектті қолдану көзделіп отыр.
Қазақстанда жол қауіпсіздігін арттыру үшін жасанды интеллект пен заманауи технологиялар қолданылады – ІІМ
Қазақстанда жыл сайын полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 13 миллионға жуық жағдайының алдын алады. Жол қозғалысындағы тәртіпті күшейту мақсатында жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елімізде жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.
Министрлік дерегінше, биыл жол-көлік оқиғасына әкеп соғуы мүмкін ереже бұзушылықтар 20%-ға, қарсы жолаққа шығу деректері 16%-ға артқан. Сонымен бірге 16,6 мың мас жүргізуші ұсталған.
Жолдағы тәртіпті қадағалау үшін жаңа технологиялар қолданысқа енгізілді:
-
Дрондар арқылы жол қозғалысы бақылауы жүргізіліп, 3,6 мың ереже бұзу анықталды. Оның ішінде – 1 мың жағдай қарсы жолаққа шығуға, 300-і қауіпті түрде басып озуға қатысты.
-
Автоматтандырылған бақылау жүйесі дамып, республика бойынша орнатылған камералардың саны 25 мыңға жетті.
-
Патрульдік көліктерге радарлар орнатылып, «жасырын» бақылау әдісі қолданылуда.
-
Көлік министрлігімен бірлесіп, республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілуде.
Цифрлық жүйелер бір платформаға біріктірілді
Қасақана құқық бұзушылықтармен күресу үшін барлық бейнебақылау камералары мен цифрлық шешімдер «ТОР» платформасына біріктірілді. Бұл жүйе арқылы:
-
Көлік қозғалысына үздіксіз мониторинг жүргізіледі;
-
Іздеуде жүрген көліктер маркасы, моделі және түсі бойынша анықталады;
-
Жол ережесін жиі бұзатын «қауіпті жүргізушілер» бақыланады;
-
8 сағаттан астам тоқтамай жүрген «шаршаған жүргізушілер» анықталады.
ІІМ жол қауіпсіздігін күшейту жұмыстарын жалғастырады
Вице-министрдің айтуынша, Президенттің тапсырмалары аясында ІІМ келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізуде:
-
автомектептер қызметін және электросамокаттар мен көліктерді пайдалану ережелерін реттейтін заңнаманы жетілдіру;
-
қауіпті жүргізушілер мен апат жиі орын алатын учаскелерді анықтау үшін жасанды интеллект қолдану;
-
автоматты бақылау камераларының санын және анықтайтын ереже бұзушылық түрлерін көбейту;
-
жасырын патрульдеу әдістерін дамыту және дрондарды кеңінен қолдану;
-
жол жағдайын бақылау жұмыстарын күшейту, соның ішінде дрондар арқылы;
-
жол апаттарының алдын алу үшін қоғамды ақпараттық және білім беру іс-шараларына тарту;
-
жол-көлік оқиғаларын алдын ала болжау мақсатында деректерді терең талдау жүйесін жетілдіру.
