
Қазақстанда Жасанды интеллект мәселелерімен айналысатын жаңа министрлік құрылмақ.
8 қыркүйекте өткен халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Жасанды интеллект министрлігін құру қажеттігін айтты.
Президенттің айтуынша, бұл жаңа құрылым қазіргі салалық министрліктің негізінде құрылып, оны вице-премьер деңгейіндегі білікті маман басқаруы тиіс.
«Қолданыстағы салалық министрліктің базасында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет. Оны вице-премьер деңгейіндегі маман басқаруға тиіс», – деді Тоқаев.
Айта кетсек, жасанды интеллектке арнайы министрлік құрған алғашқы елдердің бірі – Біріккен Араб Әмірліктері. Онда небәрі 27 жастағы Омар бин Султан 2017 жылы осы салаға жауапты алғашқы министр болып тағайындалған. Бұл қадам Әмірліктердің технологиялық серпіліске бет бұрып, 2117 жылға дейін Марсты игеру стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылды. Сонымен қатар, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бин Рашид Әл Мактум жасанды интеллект саласындағы ұлттық стратегияны іске қосқан.
БАӘ арнайы «Нормативтік интеллект басқармасын» құрып, заң жобаларын әзірлеу, сот шешімдерін қабылдау және мемлекеттік қызметтерді сипаттау секілді міндеттерді алгоритмдерге тапсырды. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономикаға 15,7 триллион доллар үлес қосуы мүмкін. Ал БАӘ экономикасы осы арқылы 35%-ға өсуі ықтимал. Министр Омар Сұлтан әл-Олама 2024 жылы өткен шарада деректер мен алгоритмдерге негізделген заңнаманың маңызын атап өтіп, мұндай тәсілдер парламенттік талқылауларға қарағанда әлдеқайда жылдам әрі нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін айтты. Дегенмен, түпкілікті шешім қабылдау адамның құзырында қалуы керек екенін де ескертті.
Жасанды интеллектті мемлекеттік басқаруға енгізуді жоспарлап отырған тағы бір ел – Албания. Елдің премьер-министрі Эди Рама жасанды интеллект басқаратын арнайы министрлік құру жоспарын жариялады. Оның пікірінше, ИИ – жемқорлықтан ада және ең тиімді мемлекеттік «қызметкер» бола алады. Қазіргі уақытта елде ИИ мемлекеттік сатып алуды, салық және кеден салаларын қадағалауға, сондай-ақ заңсыз құрылыстар мен каннабис егістіктерін спутник және дрон арқылы анықтауға кеңінен қолданылып отыр. Бұған қоса, халықтың 95%-ы мемлекеттік қызметтерді e-Albania порталы арқылы онлайн түрде алады.

