Новости

Қазақстанда «Заң және тәртіп» жүйесі күшейтілуде: қауіпсіз қоғам құру жолындағы нақты қадамдар

Қазіргі заманда заң үстемдігі мен құқықтық тәртіп – мемлекеттің тұрақты дамуының іргетасы саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында басқарушы құрылымдар алдына азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және мемлекеттік құрылымдарға сенімді арттыратын тиімді жүйе қалыптастыру міндеті қойылды. Бұл бағытта Үкімет ауқымды, кешенді жұмыстар жүргізуде: қылмыстың алдын алу шаралары күшейіп, цифрлы технологиялар енгізілуде, заңнамалық база жетілдіріліп, мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестік артуда.

Құқықтық тәртіп пен патрульдік қызметті нығайту

ҚР Ішкі істер министрлігі (ІІМ) елді мекендерде қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Күн сайын 14 мыңнан астам полицей мен Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылған. 15 мыңнан астам патруль маршруты енгізіліп, қауіпті аймақтар бақылауға алынды. Сонымен қатар, қайталама қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Жыл басынан бері қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтар азайып, бұрын сотталғандар арасында да қылмыс көрсеткіші төмендеген. Полицияның жүйелі жұмысының нәтижесінде 10 мыңнан астам қылмыс ашылып, 10 миллионға жуық әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді.

ІІМ басшысы Ержан Сәденовтің айтуынша, қылмыстың алдын алуға бағытталған шаралар нәтижесінде қылмыс деңгейі 13%-ға төмендеген. Кісі өлтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық және мал ұрлығы секілді ауыр қылмыстар азайған. Бұған қоса, бұрын сотталғандардың қатысуымен болатын қылмыстар мен қару қолдану арқылы жасалатын құқықбұзушылықтар да қысқарған.

Заманауи технологиялар мен цифрландыру

Құқық қорғау саласында цифрлық шешімдердің рөлі артып келеді. Ел бойынша орнатылған 19 мыңнан астам интеллектуалды бейнекамера жасанды интеллект арқылы бет-әлпетті тануға, күмәнді әрекеттерді тіркеуге және көлік қозғалысын талдауға қабілетті. Бұл жүйелер жедел басқару орталықтарымен біріктіріліп, оқиғаларға нақты уақыт режимінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Полиция қызметкерлері планшет және смарт-жетондармен жарақтандырылып, «102» мобильді қосымшасы арқылы азаматтар құқық бұзушылық туралы тез әрі оңай хабарлай алады. Сонымен қатар, eGovMobile және банк қосымшаларында «Заң және тәртіп» қызметі қолжетімді.

ІІМ мәліметінше, алаяқтық жолмен алынатын қаражат көлемі азайып келеді. Жыл басынан бері алаяқтардың 2,2 млрд теңге ұрлауына тосқауыл қойылған.

Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі

Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – әйелдер мен балалардың құқығын қорғау. ІІМ-де осы бағытта арнайы басқарма құрылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес күшейтілді. Енді ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әрекеттері қылмыс санатына енгізілген. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлыққа қатысты 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеліп, 56 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылған. 19 мыңнан астам құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Интернет-алаяқтықпен жүйелі күрес

Интернеттегі алаяқтық көбейіп бара жатқандықтан, ІІМ қаржылық алаяқтарға қарсы жаңа тетіктерді іске асыруда. Соңғы айларда 2,6 млрд теңгенің ұрлығының жолы кесілді. 88 мыңнан астам алаяқтар қолданған SIM-карта тәркіленіп, 67 миллион жалған халықаралық қоңырау бұғатталды.

Мектеп оқушыларына, студенттер мен зейнеткерлерге арналған арнайы оқыту шаралары ұйымдастырылып, алаяқтықтан сақтану тәсілдері үйретілуде.

Есірткі және экстремизмге қарсы шаралар

Есірткі қылмысына қарсы күрес жалғасуда. 2024 жылдан бастап вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, есірткі сатушыларға ең қатаң жаза – өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылған. Жыл басынан бері 4,6 мың есірткі қылмысы анықталып, 13 ұйымдасқан топтың жолы кесілді, 11 тонна есірткі мен 23 тонна химиялық зат тәркіленді.

Экстремизмге қатысты да белсенді жұмыс жүргізілуде: биыл 44 қылмыстық іс тіркеліп, оның 23-і сотқа жіберілген.

Жол қауіпсіздігін арттыру

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілді. Орташа жылдамдықты асырғаны үшін жауапкершілік күшейтіліп, мопедтерді тіркеу міндеттелді. Сонымен қатар ұсақ бұзушылықтар үшін айыппұлдарды ескерту шараларымен алмастыру қарастырылды.

2025 жылға дейін жол қозғалысы ережелерін бұзудың 8,5 миллион фактісі тіркелді. Жол апаттарынан қайтыс болғандар саны 12%-ға төмендеді. Автожолдарда дрондар, жасырын патрульдер, бақылау камералары, «Қорғау» жүйесі және орташа жылдамдықты бақылау енгізілді.

Заңнаманы жетілдіру және құқықтық сауаттылық

Әділет министрлігі заңнамалық реформалар арқылы құқықтық жүйені жетілдіруге басымдық беріп отыр. Азаматтар үшін сот төрелігін қолжетімді ету, құқықтық рәсімдерді оңайлату және жеке құқықтарды қорғау бағытында жаңа нормалар қабылдануда.

Министр Ерлан Сәрсембаев атап өткендей, реформалардың негізгі мақсаты – «заң бәріне ортақ» қағидасын нақты жүзеге асыру, әрі заңның әділ әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету.

Құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында халық арасында үгіт-насихат жұмыстары, онлайн-қызметтер мен цифрлы платформалар арқылы мемлекеттік қызметтер кеңейтілуде.

Адам құқықтарын қорғау – басты назарда

Әділет министрлігі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлуде. Кемсітушілікке қарсы шаралар, осал топтарды қорғау және әділ сот төрелігін қамтамасыз ететін құқықтық тетіктер енгізілуде. Бұл бастамалар халықаралық деңгейде де қолдау тауып отыр.

Жалпы алғанда, ІІМ мен Әділет министрлігі жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар Қазақстанда заманауи технологияларға негізделген, құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған тиімді «Заң және тәртіп» жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беруде.

Мемлекеттің міндеті – заң мен тәртіпті сақтау ғана емес, оны қоғамда күнделікті өмір нормасына айналдыру. Қазақстан бұл бағытта сенімді түрде ілгерілеп, құқықтық мемлекеттің берік іргетасын қалап келеді.

Проверьте также
Close
Back to top button