
Қазақстанда тағы бір елдімекен ішімдік сатудан ресми түрде бас тартты
Еліміздегі ішімдік сатылмайтын ауылдардың қатарына Қызылорда облысының Таң ауылы қосылды.
Ведомство мәліметіне сәйкес, бұл шешім Жалағаш аудандық прокуратурасының бастамасымен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен қабылданған. Ауыл ресми түрде ішімдіксіз елдімекен мәртебесін иеленді.
«Ауыл кәсіпкерлері алкоголь өнімдерін сатуға арналған лицензияларынан ерікті түрде бас тартып, салауатты өмір салтын насихаттауға атсалысты. Бұл – ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, жастарды зиянды әдеттерден аулақ ұстауға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды қадам», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетсек, бұған дейін де Қазақстанның бірнеше өңірінде — Жамбыл, Түркістан, Солтүстік және Шығыс Қазақстан, сондай-ақ Қарағанды облыстарындағы бірқатар ауылдар ішімдіктен толықтай бас тартқан.
