Новости

Қазақстанда пойыз жолаушылары артық қол жүгінің салмағына қосымша төлем жасайтын болды

Енді елімізде пойызбен жүретін жолаушылар қол жүгінің артық салмағы үшін қосымша ақы төлеуге міндеттеледі.

“Қазақстан темір жолы” енгізген жаңа ережелерге сәйкес, “Тальго” вагондарына кіргізілетін қол жүктің салмағы 25 келіден, ал оның биіктігі, ұзындығы мен ені қосындысы 150 сантиметрден аспауы тиіс. Басқа вагон түрлері үшін бұл шектеу – 35 келі және 200 сантиметр.

Артық салмақ болған жағдайда, әр қосымша келі үшін 60 теңге төленеді. Бұл төлем жол ұзақтығына қарай есептеледі. Жолаушылардың қол жүгіне бақылауды жолсеріктер жүргізеді.

Даулы жағдай туындаса, пойыз бастығы арнайы таразы арқылы тексеру жүргізіп, егер артық салмақ анықталса, жолаушы қосымша тариф бойынша ақы төлейді. Бұл рәсім ресми түрде құжатталып, сол пойызбен жүк жөнелтіледі. Бұл туралы “Жолаушылар тасымалы” АҚ баспасөз қызметінің PR менеджері Сара Сахынбек мәлімдеді.

Жаңа талаптар тек арнайы жүк салғышы бар пойыздарда қолданыла бастады. Жауапты тұлғалар мұндай шектеулер жолаушыларға вагон ішінде ыңғайлы жағдай жасау үшін қажет екенін айтады.

Алайда тұрғындардың көбі бұл жаңашылдыққа наразы. Сонымен қатар, жүгін ресми рәсімдемей, жолсерік арқылы жөнелтпек болған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ал жолсеріктің өзі жұмыстан босатылады.

Back to top button