
Қазақстанда ет бағасы шарықтап кетті: себептері қандай?
Соңғы күндері әлеуметтік желіде қазақстандықтар сиыр етінің бағасы 6 мың теңгеге жеткенін айтып, наразылық білдіруде. Алматы мен Астананың базарларында сүйексіз сиыр еті расымен 5–6 мың теңге аралығында сатылып жатыр.
Сарапшылар не дейді?
Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, ет бағасының өсуі бірнеше себепке байланысты:
-
ішкі сұраныстың артуы мен инфляция;
-
жем-шөп, қызмет, сақтау мен тасымалдау шығындарының өсуі;
-
сыртқы нарыққа, әсіресе Өзбекстан, Түркия және басқа елдерге экспорттың көбеюі.
Ол: «Мал шаруашылығы тиімді болуы үшін баға инфляциядан жоғары болуы тиіс. Әйтпесе фермерлер азая береді», – дейді.
Фермер Әділет Талғатбеков: «Мал бағу – ауыр еңбек. Оның артында үлкен бейнет жатыр. Сондықтан ет арзан болуы мүмкін емес», – деп атап өтті.
Министрлік не дейді?
Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті бағасының күрт өсуін мойындағанымен, «6 мың теңге» нақты баға емес екенін айтты. Олар:
-
жем-шөп пен жалақының қымбаттауы;
-
өндірістік шығындар;
-
қымбат несиелер – басты себептер екенін түсіндірді.
1 тамыздан бастап бордақылау алаңдарына 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілуде. Бағдарлама ішкі нарықты етпен қамтамасыз етуді көздейді. Сиыр еті бағасының өсуіне ішкі экономикалық жағдайлармен қатар, экспортқа сұраныстың артуы да әсер етіп отыр. Министрлік жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар қаржылық қолдау шараларын қолға алған.
