Новости

Қазақстанда енді жаяу жүргіншілер де мас күйінде тексерілетін болады.

16 қыркүйектен бастап жол қозғалысына қатысушылардың мас күйін тексеру тәртібі өзгереді. Жаңа ережелер тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілер мен мопед жүргізушілеріне де қатысты болмақ.

29 тамызда «НҚА-ның эталондық бақылау банкі» порталында Ішкі істер министрлігінің жаңа бұйрығы жарияланып, онда «Жол қозғалысына қатысушыларды мас күйінде тексеру тәртібі» нақты көрсетілген.

Бұрын тексеріс тек көлік жүргізушілері мен жеңіл көлік құралдарын басқарушыларға жүргізілсе, енді мас күйде болуы мүмкін кез келген жол қозғалысына қатысушы тексерілуі мүмкін. Алайда, жаяу жүргіншілер мас күйінде анықталған жағдайда оларға қандай жаза қолданылатыны әзірге нақты белгісіз.

Жаңартылған тәртіп бойынша тексеріс жүргізуге жолдама электронды түрде рәсімделеді. Куәгердің қатысуы міндетті емес, бірақ видео немесе аудио жазба жасау талап етіледі. Сонымен қатар, адамның жазбаша келісімі қажет.

«Егер жол қозғалысына қатысушы куәгерсіз тексерілуге қарсы болса немесе тексеру нәтижесіне келіспесе, ол міндетті түрде мемлекеттік медициналық мекемеге жіберіледі», – делінген жаңа құжатта.

Мас күйде көлік басқарғандарға қатысты жазалар:

  • 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру;

  • Егер әрекеті салдарынан басқа адамға зиян келсе – 20 тәулікке қамау және 7 жылға жүргізушілік құқығынан айыру;

  • Қайталанған жағдайда – 25 тәулікке қамау және 9 жылға куәліктен айыру.

Бірқатар жүргізушілер жазаны жұмсартуды сұраған болатын, бұл ұсынысты кейбір депутаттар да қолдаған. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл өзгерістерді қабылдамай, қолданыстағы жаза күшінде қалатынын хабарлады.

Back to top button