Новости

Қазақстанда бір мезгілде бірнеше жерде жұмыс істеуге шектеу енгізілмек

Қазақстанда бір уақытта екі немесе одан да көп тұрақты жұмыс орнында еңбек ететін азаматтар тергеуге алынатын болды. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар еңбек инспекциясына жолданады.

«Еңбек кодексіне сәйкес, азамат тек бір жұмыс орнында ғана толық жұмыс күнімен жұмыс істей алады. Бұл жағдайларды болдырмау үшін біз бюджеттік салада тиісті шаралар қабылдап жатырмыз», – деді Анафин.

Ол жұмысқа орналасу деректері бірыңғай еңбек кітапшасы жүйесі арқылы сарапталатынын атап өтті. Қазірдің өзінде бірқатар азаматтардың бірнеше мекемеде толық жұмыс күнімен тіркелгені анықталған.

«Қазіргі таңда тек мемлекеттік мекемелерге бақылау жүргізіліп жатыр. Біздің деректер бойынша, бірнеше мекемеде бір мезгілде ресми түрде тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлер бар. Мұндай жағдайлар еңбек инспекциясына жеткізіледі», – деді вице-министр.

Журналистердің “бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдар жұмыстан босатылуы мүмкін бе?” деген сұрағына Анафин:
«Иә. Бірнеше лауазымда толық жұмыс күнімен жұмыс істеу Еңбек кодексіне қайшы келеді», – деп жауап берді.

Сонымен қатар, ол азаматтардың жеке деректері қорғалатынын және тексерулер заң аясында ғана жүргізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуынан 1 миллионнан астам адамның жұмыссыз қалу қаупі бары айтылған еді.

Статьи по теме

Back to top button