НовостиСоциальные темы

Қазақстанда Қарттар күніне байланысты зейнеткерлерге 29 мың теңгеге дейін бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Қазақстанда Қарттар күні жыл сайын 1 қазанда аталып өтеді. Бұл күні аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіліп қана қоймай, біржолғы материалдық көмек те қарастырылады. Алайда бұл қолдау ел аймақтарында әртүрлі деңгейде жүзеге асырылады.

Астана қаласы:

Елордада зейнеткерлерге Қарттар күніне орай 2,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 9 830 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төленеді. Бұл көмек шамамен 100 мың зейнеткерге беріледі.

Алматы қаласы:

Алматыда зейнеткерлерге Қарттар күніне орай ақшалай төлем қарастырылмаған. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, қарияларға қолдау көрсету 13 түрлі әлеуметтік қызмет арқылы жүзеге асырылады және бұл қызметтер жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.

Шымкент қаласы:

Шымкентте біржолғы өтемақы қарастырылған:

  • 70 жастан асқандарға – 3 АЕК (11 796 теңге);

  • 80 жастан асқан жалғызбасты зейнеткерлерге – ай сайын 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде көмек төленеді.

Атырау облысы:

Атырау облысында мүгедектігі бар зейнеткерлерге 7,5 АЕК немесе 29 490 теңге мөлшерінде бір реттік көмек төленеді. Аймақта зейнеткер саны – шамамен 72 мың. Сонымен қатар 2023–2025 жылдар аралығында «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен 300 жалғызілікті және әлеуметтік осал топқа жататын қария Атырау шипажайында сауықтыру шараларынан өткен.

Ақтөбе облысы:

Ақтөбе өңірінде Қарттар күніне орай ақшалай көмек қарастырылмаған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін Прокуратураның ұсынысымен зейнеткерлерге біржолғы төлем Конституция күніне байланысты берілген. Дегенмен, мерекеге орай түрлі іс-шаралар өтетіні хабарланды.

Қарағанды облысы:

Қарағандыда қарттарға біржолғы төлем беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

  • Өңір бойынша 70 жастан асқан 51 648 зейнеткер қамтылады.

  • Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск, Саран қалалары мен бірнеше ауданның зейнеткерлеріне 20 мың теңге беріледі.

  • Шахтинск қаласында 10 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

  • Теміртау мен Шет ауданында төлемдер қазан айында басталады.

  • Балқаш, Ақтоғай, Нұра және Осакаров аудандарында бұл төлем тек 70 жастан асқандарға, басқа өңірлерде 75 жастан асқандарға арналған.

Сондай-ақ демеушілер есебінен азық-түлік себеттері, тегін дастарқандар мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, бұл көмектер негізінен әлеуметтік қызмет алушы және арнайы орталықтарға келетін қарияларға бағытталмақ.

Back to top button